Қоғам

"Темекі шегуге болмайды": вакцина салғаннан кейін тағы қандай шектеу қойылады

© Sputnik / Абзал КалиевВакцинация населения против коронавируса в Казахстана
Вакцинация населения против коронавируса в Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.02.2021
Жазылу
Вакцина алған адамға үш күннің ішінде алкогольді ішімдік ішуге ыстық жерде болуға, буға түсуге және суық тигізуге болмайды

НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан – Sputnik. Елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаннан кейін не істеуге болмайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Әрине, қандай вакцина салсақ та, тіпті қандай дәрі ексек те, оның әртүрлі жанама әсері болуы мүмкін. Екпе салған жерде ауырсыну пайда болып, сәл қызаруы ықтимал. Оған қоса, кейбір адамдардың ағзасы реакция береді. Ондайда дене қызуы көтеріледі, әлсіздік пайда болады. Бұның бәрі адамның ағзасына байланысты", - деді Мұратов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, дәрігелер вакцинадан болатын асқыну мен жанама әсерлерді ескереді. Екпе жасалғаннан кейін адамды біршама бақылайды. Одан кейін жадынама береді. Онда барлық қажетті мәлімет бар.  

"Иә, арақ ішуге, темекі шегуге болмайды. Жалпы арақ пен темекі зиянды. Дегенмен, біз вакцина алған адамға "үш күннің ішінде алкогольді ішімдік ішуге, ыстық жерде болуға, буға түсуге және суық тигізуге болмайды" деп жазып, тисті қағазын қолына ұстатамыз", - деп атап өтті Мұратов.

Кері әсері байқалса, қалай емдейді

Басқарма басшысы өзі де бүгін таңертең коронавирусқа қарсы вакцина алғанын айтты.  

"Қазір жағдайым жақсы. Міне, алдыңызда отырмын. Маған да тиісті ақпаратты берді. Сосын бұл процесс цифрландырылған. Маған SMS-хабарлама түсті. Онда барлық тиісті мәлімет жазылған. Сондай-ақ, 22 ақпанда вакцинаның екінші компонентін алу жайында ескертілген. Жақындағанда тағы да айтатын шығар. Дәрігер де өз телефонын жазып берді. Қандай да бір асқыну болса, бірден хабарласуға болады", - дейді Мұратов.

Оқи отырыңыз: Жандарбек Бекшин вакцина салдырды

Оның сөзіне қарағанда, вакцинадан кейін дене қызуы көтерілсе, "Ибупрофен" немесе "Парацетамол" ішу қажет.

"Маған да бүгін екпеден кейін дене қызуы көтерілген жағдайда осы препараттарды ішу керек деп ескертті. Ал адамның жағдайы нашарлап кетсе, дәрігердің көмегіне жүгіну керек", - деп түйіндеді Мұратов.

Жаппай вакциналау басталды  

Қазақстанда 1 ақпанда коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау басталды. Бүгін бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов пен вице-министр Ажар Ғиният  ресейлік "Спутник V" вакцинасын салғызды. Оларға екпенің алғашқы компонентін екті. Енді үш аптадан кейін олар қайта келіп, вакцинаның екінші дозасын алу қажет.

Вакцина инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен салынады. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, педагогтар, учаскелік полицейлер, студенттер, құтқарушылар, полицейлер, әскерилер және тағы басқа мемлекеттік қызметкелер бар. Созылмалы ауруы бар адамдарға да бірінші кезекте салынады. Екпе тегін және ерікті түрде егіледі.

Вакцина кімдерге салынбайды?

  • жүкті әйелдер;
  • ауыр аллергиясы мен вакцинаның құрамындағы заттарға жоғары сезімталдылығы бар адамдар;
  • 18 жасқа толмағандар;
  • 65 жастан асқандар.

Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа вакцина салуды жоспарлап отыр. Ал 2021 жылдың сәуір айынан кейін COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинамен жаппай егу басталады.


Жаңалықтар
0