АЛМАТЫ, 1 ақпан – Sputnik. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин ресейлік "Спутник V" вакцинасын салдырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ең алдымен белгіленген ереже бойынша Жандарбек Бекшин дәрігердің тексеруінен өтті. Дене қызуын, қан қысымын өлшетіп, онкологиялық ауруларының бар-жоғы туралы ақпарат берді.
"Күзде тұмауға қарсы вакцина салдырдым. Шілдеде коронавируспен ауырдым, одан бері жеті ай өтті. Антиденелер жоқ", – деді Бекшин дәрігерлерге.
Вакцина салдыру алдында Бекшин вакцинаның сапасына күмән келтірмейтінін айтты.
"Бірінші рет вакцина салдырып тұрған жоқпын. Сапасы дәлелденген. Ресейде 2 миллионнан астам адам осы вакцинаны салдырды. Мұның өзі вакцинаның сапалы екенін көрсетіп тұр. Сондықтан ешқандай қобалжу жоқ, вакцинаның сапалы, жақсы екеніне толық сенімдімін. Мен тәуекел тобына кірмеймін, алайда қызмет бабы бойынша науқастармен жиі кездесемін. Сол себепті вакцина салдыруым керек", – деді Бекшин.
Вакцина салғаннан кейін Жандарбек Бекшин тұрақты түрде вакцина салдырып тұратынын, соған байланысты инені сезбегенін айтты.
"Қазақстандық вакцинаны салдырғым келді, бірақ өкінішке орай әлі дайын болған жоқ. Қолда бар вакцинаны салдырдым", - деді Бекшин.
Үшінші болып Алматының бас дәрігері Нариман Табынбаев вакцина салдырды.
"Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Ине салғанын байқамай қалдым. Иә, Алматыда коронавирусқа қарсы вакцина салдырған алғашқы дәрігермін, жақында басқа да дәрігерлер вакцина алады", - деді Табынбаев.
31 қаңтарда Алматыға "Спутник V" вакцинасының 2 050 дозасы жеткізілді. Бірінші кезеңде қалада инфекциялық аурухана, жедел жәрдем, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, жансақтау бөлімі қызметкерлері вакцина алады.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігері вакцина салдырмау себебін түсіндірді
Бұған дейін онлайн-брифингте қаланың бас санитар дәрігері қазақстандық вакцинаны салдырғысы келетінін мәлімдеген. Ал қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев "Спутник V" вакцинасын салдыратынын айтты.
Еске сала кетейік, Қазақстанда бірінші ақпанда халықты ерікті түрде вакцинация салдыру науқаны басталды.