НҰР-СҰЛТАН, 30 қаңтар – Sputnik. Қазақстан Ресеймен тұрақты жолаушылар рейстерінің апталық санын әр тарап үшін аптасына үшке дейін көбейтуге ниетті.
"Қазақстан Республикасы аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2021 жылғы 28 қаңтардағы шешіміне сәйкес, Ресеймен тұрақты жолаушылар рейстерінің санын әр тарап үшін аптасына бір рейстен үш рейске дейін, ал Анталия – Алматы бағыты бойынша аптасына бір рейске көбейтуге рұқсат етіледі", – деп хабарлады азаматтық авиация комитеті.
Оқи отырыңыз: Жеке ұшақ, қымбат көлік, бірнеше коттедж: Ертаев пен Ибрагимнің мүлкі тәркіленді
Қазақстан мен Ресей арасындағы тұрақты ұшақ қатынасы көбейгеннен кейін, Ресей тарапының келісімі бойынша әр тарапта аптасына үш рейс: Нұр-Сұлтан – Мәскеу (аптасына екі рейс) және Алматы – Мәскеу (бір рейс) бағытында қатынайтын болады.
Айта кетейік, рейстер санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес және әуекомпаниялардың сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.