НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар – Sputnik. Өткен жылы пандемияға байланысты жүздеген қылмыстық іс тіркелді. Соның тең жартысы – дағдарысқа қарсы бюджет қаржысын жымқыру әрекеті. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Пандемия кезінде халық билікке үміт артып, қамқорлық пен көмек күтіп отырғанда кейбір арсыз шенеуніктер мен топ-менеджерлер заңнан да, құдайдан да қорықпай, лауазымын қалтасын толтыру үшін пайдаланып, жүйелі түрде пара алды. Бюджет қаржысын жымқырды", - деді Шпекбаев агенттіктің алқа отырысында.
Оның айтуынша, өткен жылы пандемияға байланысты 100 қылмыстық іс тіркелді. Соның жартысы – дағдарысқа қарсы бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілері.
"Пандемия әлі де жалғасуда. Сондықтан біздің мақсатымыз – коронавируспен күреске бөлінген бюджет қаражатын одан ары қадағалау және қоғамдық бақылауға азаматтарды бұрынғыдан да көбірек жұмылдыру", - деп атап көрсетті Шпекбаев.
Осы орайда агенттік басшысы халықтың қайғы-қасіреті арқылы баю сатқындық пен адам өлтірумен тең екенін де жеткізді.