НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар — Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев реформалар жөніндегі жоғары кеңес отырысында алдағы халық санағына қатысты тапсырма берді.
Президенттің айтуынша, ауқымды акция маңызды сараптамалық мәлімет алуға мүмкіндік береді. Халықтың нақты саны, жасы, гендерлік құрамы, урбанизация деңгейі, халық табысы айқындалады.
Осыған байланысты мемлекет басшысы сауалнама барынша дұрыс жасалуы тиіс екенін қадап айтты. Сұрақтар көп болмауы тиіс. Бұған қоса, халық санағы кезінде цифрлық технологияларды қолдану керек. Мұндай тәсіл, әсіресе, пандемия кезінде маңызды.
Тоқаев премьер-министр бірінші орынбасарының төрағалығымен арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды. Топ ұйымдастыру, сауалнама әзірлеу, халық санағын өткізу мәселесімен айналысатын болады.
Еске сала кетсек, халық санағы 2021 жылдың қазан айында өтуі тиіс. 2022 жылдың ортасында үкімет нақты мәліметтерді жариялайды.