НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар – Sputnik. Бірнеше автокөлік ұрлығы бойынша күдікке ілінген ер адам оқиға орнында ұсталды. Ал Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің дерегінше, тергеу барысында оның төрт көлікті өртеуге қатысы бар екені анықталды.
Күдікті 29 қаңтарға қараған түні Риддерде қамауға алынды.
Полицияның кезекші бөліміне бірнеше көліктің өртенуіне қатысты хабар түскен бетте, жедел-тергеу тобы оқиға орнына аттанған.
Оқи отырыңыз: Жолаушы ұшақтың өртенген сәтін видеоға түсіріп алды
Ал таңертеңгі уақытта қолында пакеті бар ер адам полиция инспекторының көзіне күдікті болып көрінген. Ол полицияға қайдан келе жатқанын және пакетінде не бар екенін түсіндіре алмаған.
Тергеп, тексеру кезінде пакет ішінен бөгде адамдардың құжаттары мен көліктің артқы бөлігін көретін айналар, флэш-карталар мен автомагнитола және басқа да заттар шықты. Мән-жайды анықтау үшін ер адам полиция бөліміне жеткізілген.
"Тергеу барысында 24 жастағы қылмыскердің тұрғын үйлер ауласында тұрған бірнеше автокөлікті тонағаны және із жасыру мақсатында 4 көлікті өртегені анықталды", – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі кезде аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ал алдын-ала есепке жүгінсек, шығын көлемі шамамен 4 миллион теңгеден асады.