НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар – Sputnik. Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев белгілі мәдениет және өнер қайраткерлеріне тұңғыш президент – Елбасының 2020 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын табыс етті. Мемлекеттік стипендия Қазақстанның 75 әдебиет пен өнер қайраткеріне тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.
Салтанатты рәсімге мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев та қатысты.
"Тұңғыш президент – Елбасы стипендиясы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асанәлі Әшімов, Нұрғали Нүсіпжанов, Александр Гарковец, Дулат Исабеков, Иранбек Оразбаев, Болат Аюханов, Гульвира Разиева және басқа да қазақ әдебиеті мен өнерінің майталмандарына табысталды. Сонымен бірге, ақындар Бауыржан Халиолла, Мирас Асан, балерина Әсел Жанғасқаева, актер Аян Өтепберген, өнертанушы Валерия Недлина және өзге де жас дарындарға мемлекеттік қолдау көрсетілді", – делінген хабарламада.
Мемлекеттік хатшы атап өткендей, биылғы жыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді. Демек Тәуелсіздіктің мерейтойлық жылының басталуы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты бағдарламалық мақаласының жарыққа шығуымен ерекшеленді.
"Ел президентінің мақаласында Тәуелсіздіктің әр онжылдығының тарихи мәні, іргелі бастамалары мен Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешуші рөлі, қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы халқымыздың даналығы мен бірлігі, еңбекқорлығы айқын жазылған. Мемлекет басшысы Тәуелсіздігіміздің қасиетті құндылықтары туралы заманауи түсінікті терең әрі ауқымды түрде ашып, алдағы төртінші онжылдықтың басты мақсаттарын айқындады", – деді Қырымбек Көшербаев.
Оқи отырыңыз: Мұхамедиұлы: Елбасы Димашқа мемлекеттік стипендия тағайындады
Сондай-ақ, ол біздің қоғам президенттің мақаласын мемлекетіміздің дамуындағы жаңа кезеңнің идеологиялық тұжырымдамасы және бағдарламасы ретінде қабылдағанын баса айтты.
"Мәселен, президенттің халқымыздың сан ғасырлық шынайы тарихын, оның ішінде шетелдік аудиторияға Қазақстанның қысқа тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аудару туралы бастамасы шын мәнінде де стратегиялық маңызды мәселе. Сондықтан қазақ зиялыларына ұлттық мүдделер мен жаңа ғылыми тәсілдерді ескере отырып, өз тарихын зерделеу, пандемияның, жаһандық дағдарыстың және саяси турбуленттіліктің қазіргі жағдайында қоғам дамуының өлшемдерін айқындау бойынша орасан зор жұмыс жүргізу міндеті қойылды", – деп атап өтті Көшербаев.
Мемлекеттік хатшы сонымен бірге мемлекеттік қолдау еліміздің рухани негіздерін одан әрі нығайтуға, қоғамдық сананы жаңғыртуға және Тәуелсіздігіміздің қасиетті құндылықтарын насихаттауға мүмкіндік беретін жаңа идеялар мен жобаларды іздеуге тың серпін беретініне сенім білдірді.
