НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар – Sputnik. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым депутаттың төсбелгісі неге қымбат екенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Депутаттық төсбелгі мыстан жасалама ма, алюминийден бола ма тағып жүре беремін, мен үшін еш айырмашылығы жоқ. Бірақ белгіні қарап шықтым. Шын мәнінде алтыннан жасалған. Соңғы кезде алтынның бағасы өсіп кетті. Сол себепті қымбаттап кеткен шығар", - деді Сарым журналистерге берген сұхбатында.
Депутат төсбелгінің нақты бағасын білмейтінін айтты. Бірақ оны жоғалтса, өз ақшасына жасатуға тура келетін көрінеді.
"Бізге жоғалтып алсаңдар, өз ақшаларыңа жасатасыңдар деді. Сол себепті жоғалтпауға тырысу керек", - деп атап өтті Сарым.
Депутат жалақысының нақты көлемін де білмейтін болып шықты. Айтуынша, бүгін осы мәселеге қатысты отырыс өтеді.
"500-800 мың теңге деген. Бірақ оның көлемі еңбек өтіліне, ғылыми дәрежеге және тағы басқа мәселелерге байланысты. Максимум алу үшін профессор немесе генерал болып, мелекеттік қызметте 30 жылдай жұмыс істеу керек шығар. Менде ондай дәрежелер жоқ " ,- деді Сарым.
Айта кетейік, бұған дейін бірқатар БАҚ-та алтыннан жасалған бір депутаттық төсбелгінің құны 300 мың теңгеден асатыны туралы жаңалық жарияланған болатын. Оған бюджет есебінен қаржы бөлінетіндіктен, бұл ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыланып, жұрттың наразылығын туғызды.