Қоғам

Зейнетақы төлемін ерте алу жүйесі жеңілдей түсті – өзгеріс жарияланды

© Sputnik / Абзал КалиевТенге
Тенге - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Заң бойынша зейнетақы аннуитеті өмірді сақтандыру компаниясында рәсімделеді. Сол келісімшарт негізінде зейнетақы өмір бойы төленетін болады

НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда зейнетақы аннуитетін рәсімдеу шарттары өзгерді. Соның арқасында зейнетақы төлемдерін ерте алуға болады, деп хабарлады қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Ресми мәліметке сәйкес, тиісті заң аясында зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алудан бөлек, зейнетақы аннуитетін рәсімдеу шарттарына өзгеріс енгізілді. Мәселен, өткен жылы зейнетақы аннуитетін жасау үшін жеткілікті сома 55 жастағы ер адамдар үшін 11,3 миллион теңге, ал 51,5 жастағы әйелдер үшін 15,5 миллион теңге болды. Биылдан бастап ер адамдар 6,7 миллион теңгеден және әйелдер  9,0 миллион теңгеден бастап зейнетақы аннуитетін рәсімдей алады. Оны алдын ала 45 жаста да жасап қоюға болады. Бұл үшін есепшотта 6,1-7,7 миллион теңге болуы шарт. Ал 55 жастан бастап зейнетақы төлемдері беріледі. 

Заң бойынша зейнетақы аннуитеті өмірді сақтандыру компаниясында рәсімделеді. Сол келісімшарт негізінде зейнетақы өмір бойы төленетін болады. Бұдан бөлек, кепілдік берілген кезең бар. Оны рәсімдеген жағдайда адам қайтыс болса да, зейнетақы төлемдері туған-туыстарына төленеді.

Биыл бірлескен аннуитеттер жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Соның арқасында зейнетақы аннуитеті шартына бір адам емес, ерлі-зайыптылар немесе жақын туыстар бірге қатыса алады.

"Бірлескен аннуитет жақын туыстардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге және аннуитет шарты бойынша кірісті қайта бөлуге мүмкіндік береді. Мысалы, ерлі-зайыптылардың бірінің ӨСК-ден аннуитет сатып алуға зейнетақы жинағы жетпейтін болып, екіншісінде артық болса, бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы екеуіне де өмір бойы төлемдер төленеді", - дейді агенттік төрағасының орынбасары Мария Хаджиева.

Айта кетейік, бүгінде, шамамен, 61 мың адам 283 миллиард теңгеге зейнетақы аннуитеті шартын рәсімдеп алған.

Жаңалықтар
0