НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі карантин кезінде қолға алынған шаралар биыл да жалғасатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"2020 жылы IV тоқсанда 119,7 мың отбасындағы 614,3 мыңнан астам қазақстандыққа атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мемлекеттік инстанцияға жүгінбей-ақ автоматты түрде ұзартылды. Оған дейін II және III тоқсанда төтенше жағдай мен карантиндік шектеу шараларының қолданылуына байланысты көмек тағайындау ұзартылған болатын. Аталған тәжірибе 2021 жылдың 1 тоқсанында барлық атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолданылды", - делінген ресми хабарламада.
Министрлік осы шаралардың арқасында вирустық инфекцияның таралу қаупін азайтуды көздейді.
Ресми мәліметке сәйкес, 2020 жылы республика бойынша 184,7 мың отбасындағы 936,2 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған болатын. Осы мақсатта бюджеттен 75,3 миллиард теңге бөлінді. Заңға сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 процентінен төмен азаматтарға тағайындалады.
"Бұдан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етіледі. 2020 жылы осы санаттағы 218,2 мың бала азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама алды", - дейді министрлік мамандары.