АЛМАТЫ, 27 қаңтар – Sputnik. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мен қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев қандай вакцина салдыратынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мен тамызда коронавируспен ауырдым. Ерікті ретінде қазақстандық вакцинаны сынаудың үшінші кезеңіне қатысқым келген еді, алайда менде антидене көп болды, сол себепті салмады. Егер келесі сынама антидененің азайғанын көрсетсе, екінші және үшінші кезеңде вакцина салдыратындар қатарына енуім мүмкін. Спутник V вакцинасын салдыруды жоспарлап отырмын", - деді Табынбаев.
Ал қаланың бас санитар дәрігері қазақстандық вакцина салдырғысы келеді. Айта кетейік, Бекшин 2020 жылдың маусымында инфекция жұқтырған болатын.
"Жеті айдан астам уақыт өтті. Инфекция жұқтырғаннан алты айдан астам уақыт өтсе, вакцина салдыруға болады. Ертең антиденені тексеруге сынама тапсырамын. Қазақстандық вакцина салдырғым келеді. Қазақстан обаға қарсы вакцинадан басқа ешқандай вакцина өндірген емес. Вакцинаны өндіретін институтпен жұмыс істедім, сондықтан қазақстандық вакцинаның қандай екенін көрсем деймін. Оның тиімділігіне күмәнім жоқ", - деді Бекшин.
Айта кетейік, қаңтардың соңында Алматыға Спутник V вакцинасының 1 450 дозасы жеткізіледі. Ақпанда алты мың доза және шілдеге дейін 150 мың алу жоспарланып отыр.