АЛМАТЫ, 26 қаңтар – Sputnik. Қазақстандықтарға автокөлікті қайта рәсімдеу үшін мамандандырылған ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ. Енді азаматтар бұл қызметті алу үшін Kaspi.kz қосымшасын қолдана алады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин хабарлады.
Министрдің айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталықтарында адамның көп жиналмауы үшін бұл қызметтерді онлайнға ауыстыру туралы шешім қабылданды.
"Электрондық қызметтің eGov-та қалай жасалғанын көріп, өзім іске асырып, көлікті онлайн режимде қайта тіркедім. Жалпы кеңесшімен келісе отырып, қызмет алуға екі сағат уақыт кетті. Сондықтан ішкі істер министрлігіне процесті толығымен қайта қарауды және осы қызметті Kaspi.kz, Homebank, Сбербанк және басқа да банк сервистеріне шығаруды ұсындым", - деп жазды Мусин Facebook парақшасында.
"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ мен ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті бірлесе төрт айға жуық уақыт бойы қызметті толық жетілдірді. Осылайша, Kaspi.kz мобильді қосымша арқылы автокөлікті қайта тіркеу қызметі ресми түрде іске қосылды.
"Енді көлікті қайта рәсімдеу үшін мамандандырылған ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ. Тек Kaspi.kz қосымшасына кіріңіз, мемлекеттік қызметтер бөлімінде банктерді таңдап, автокөлікті қайта рәсімдеңіз", - деді министр.
Айтуынша, Халық банк кредитке сатылатын көлікті қайта рәсімдеу бойынша қызметті іске қосады.