Қоғам

Шымкентте зорланған мүгедек қыздың анасы болған сұмдық туралы: шыдай алмаймын

© Sputnik / Табылды КадырбековДевушка закрывает лицо руками, архивное фото
Девушка закрывает лицо руками, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Шымкент қаласының полиция департаменті бірнеше рет жасалған зорлау әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады

НҰР-СҰЛТАН, 25 қаңтар – Sputnik. Мүгедек қыздың анасы арнайы интернатта тұратын қызына жасырын спираль салынғанын мәлімдеді. Әлия Мамұтовадан қоғамдық резонанс тудырмауды сұраған. Бірақ ол үш айдан кейін бәрін жайып салуға шешім қабылдады. Себебі тергеу ұзарып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Шымкент қаласының тұрғыны Әлия Мамұтованың бейнеүндеуі Telegram-арнада жарияланды.

Оның айтуынша, 29 жастағы Толғанай есімді қызы туғанынан I топ мүгедегі. Уақыт өте келе, оған талма кеселі де қосылды. Анасы ондай қиындықты көтере алмаған. 

"Өйткені одан кейінгі екі баламды аяғынан тұрғызу керек болды. Мен өзім жалғызбастымын, үйдің жалғыз асыраушысы болдым. Қызыма қарайтын ешкім болмады. Содан мен 2011 жылы оны қалалық №2 мүгедектер интернатына әкеліп өткіздім", - дейді Мамұтова. 

Өткен жылы қарашаның басында Әлия қызын көруге барған. Оған Толғанай мазасыз болып көрінді. Содан анасы жағдайын сұрай бастады. 

"Неге мазаң жоқ?" деп сұрасам, бір дәрігер апай осыдан кейін саған "укол" салмаймыз деп, мына жағыма спираль салып қойды. Сосын сұқ саусағымен көрсетті. Одан кейін мен кезекші бала арқылы басшылықты шақырдым. Бірақ жексенбі күні басшылықтан ешкім болмайды деп маған Гүлмира есімді психологты шақырып берді. Сол кісіден "Спираль салып қоятыны рас па?" деп сұрадым. "Иә, салып қоятынымыз рас. Бұдан басқа, 43 қызға салып қойғанбыз. Егер спираль салып қоймасақ, бұлар екіқабат болып қала береді" деді. Одан бетер үстіме мұздай су құйып жібергендей болды", - деп атап көрсетті Мамұтова. 

Жалғызбасты ана интернатта, көбінесе, I-II топ мүгедектердің жатқанын еске салып, олардың кімнен және қалай екіқабат болатынын түсінбей отыр. 

"Неге олар спиральді жасырын салады? Оны не үшін салады? Біз неге білмейміз? Анау 43 қыздың ата-анасы да білмейді. Ешкім естіген жоқ. Қызым айтпағанда білмей, жүре беретін едім", - дейді Мамұтова. 

Әлия спираль туралы естіген бойда қызын алып, басқа медициналық мекемеде тексертіп алмақ болған. Бірақ басшылық карантинді алға тартып, алып кетуге рұқсат бермеді. Одан кейін анасы жергілікті шенеуніктерге арызданды. Он күн ішінде тексеріс жасалды. Комиссия мүшелері интернатқа кіріп, Толғанайды медициналық картасын да қарап шыққан. 

"Сонда медициналық картада 2011 жылы қыз болып жазылған, ал 2012 жылы "спираль салынған" деп жазылып тұр. Одан кейін мен 19 қараша күні полицияға арыз-шағым түсірдім. Екі күннен кейін тергеу басталды. Осы тергеу басталғалы қоғамдық "шум" көтермеңіз, еш жаққа жарияламаңыз деп мені ұстап келді. Қазіргі тергеуге көңілім толмайды. Тергеу жүріп жатқан жоқ. Үш ай болды. Мен бұдан артық шыдай алмаймын", - деді Мамұтова.

Ал Шымкент қаласының полиция департаменті бірнеше рет жасалған зорлау әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. 

"Полиция департаментінің қызметкерлері жергілікті тұрғынның қызына қатысты заңсыз әрекеттер жасалғаны туралы арызы бойынша қылмыстық кодекстің 120-бабы, 2-бөлігінің 4-тармағы (бірнеше рет жасалған зорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жалғастыруда. Тергеу барысында тиісті сараптамалар және бірқатар тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді. Сотқа дейінгі тергеу аясында мекемеде жұмыс істейтін барлық ер адамдар мен 2010 жылдан бері жұмыс істеген азаматтардан жауап алынуда", - делінген ресми хабарламада.

Жаңалықтар
0