НҰР-СҰЛТАН, 25 қаңтар – Sputnik. Маңғыстау облысының тәртіп сақшылары жанармайы таусылып, жолда қалған такси жүргізушісіне көмек көрсетіп, жергілікті тұрғындардың алғысына бөленді, деп хабарлады Polisia.kz.
YouTube желісіндегі "Lada.kz" арнасында "Такая полиция нам нужна" деген атаумен бейнежазба жарияланған.
Адам тасымалдаумен айналысып жүрген "Opel Vectra" автокөлігінің жанар-жағармайы таусылып, такси жүргізушісінің көлігі жарты жолда сөніп қалған.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда полицейлер бір отбасы ұйықтап жатқан үйдің есігін бұзып кірді
Жолды патрульдеп жүрген Ақтау қаласы полиция басқармасының "Сұңқар-11" экипажы жолда тұрған автокөлікті байқап, барып мән-жай сұрауды жөн көрген. Полиция қызметкерлері Асылбек Сембек пен Нұрлан Берішбаев жағдайды анықтап, тоқтап қалған автокөлікті сүйреп, жақын маңдағы жанар-жағармай бекетіне дейін жеткізіп берген. Жүргізуші тәртіп сақшыларының бұл әрекетіне риза болып, өз алғысын білдірген.
"Көмек көрсетіп жатқан кезімізді видеоға түсіріп, интернетте жариялайды деп ойламадық. Күнделікті қызмет атқару барысында мұндай жағдай көп болатындықтан, біз үшін бұл соның біреуі ғана. Біздің өңірде қалың қар сирек жауады. Жүргізушілердің көбісі мұндай ауа райына үйренбегендіктен бе, әлде дайын болмады ма, сол күні көмекке зәру жүргізушілер көп болды. Өзге де инспекторлардың жолда қалған жүргізушілерге көмекке барғанынан хабардармын", – деп атап өтті Асылбек Сембек.