АЛМАТЫ, 25 қаңтар – Sputnik. Әнші Досымжан Таңатаров президент оркестрінде 20 жыл қызмет етіп, майор шенімен зейнетке шыққанын хабарлады.
"2000 жылы Тараз қаласынан арнайы шақырумен келдім. Содан бері ешқайда жылжымай оркестрде қызмет істеген екенмін. 2003 жылдан бастап әскери жұмысқа кірістім, оның алдында әнші ретінде қызмет атқардым. Осы оркестрдің артқан сенімін алып шығуға бар күш-жігерімді салып өнер көрсетіп қызмет істегеніме де 20 жылдың көлемі болған екен", – деп жазды Таңатаров Instagram парақшасында.
Айтуынша, осы уақыт ішінде мемлекеттік іс-шараларда, шетелдің мемлекет басшылары мен арнайы қонақтар қатысқан салтанатты жиындарда өнер көрсеткен.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Осы оркестрмен АҚШ, Қытай, Германия, Ресей, Араб елдерінде өнер көрсетіп, өз еліміздің мәдениетін, өнерін танытуға үлес қосқанымды мақтан тұтамын. Өнер биігінде өзімді қалыптастыруға, танымал болуыма, жалпы азамат болуыма осы ортаның берген көмегі көп болды. 20 жылдық ғұмырым оркестрге арналды. Мен де оркестрге аз нәрсе берген жоқпын. Мемлекеттік деңгейдегі марапаттардың бәріне бірден-бір себепші болған да осы оркестр", – деп жазды ол.
Досымжан Таңатаров оркестрдің толық құрамымен бірге 2015 жылы "Қазақстан" орталық концерт залында жеке шығармашылық кешін берген. Бір жылдары оркестрдің көркемдік жетекшісі болды.
"Әскери қызмет болғаннан кейін өткен жылы осы мемлекеттік күзет қызметі президент оркестірінен майор шенімен арнайы зейнетке шықтым. Оркестр басшысы Талғат Айтжанұлы әріптестерім Клара Түленбаева, Ардақ Балажанова үшеумізді осылай құрмет көрсетіп шығарып салды. Осы ұжымға, осында арнайы шақыртқан ағаларға, мені қолдаған басшыларға, халқыма рахмет айтып, басымды иемін", – деді ол.
Оқи отырыңыз: "Мені көргендер қарапайым екенсіз ғой деп таңғалады": Қайрат Байбосыновтан 10 кеңес
Айтуынша, 2000 жылы қызметке кіріскен кезде президент оркестрінің бастығы Арыстанбек Мұхамедиұлы, көркемдік жетекшісі Бекболат Тілеухан, бас әнші Нұрлан Өнербаев, ансамбль жетекшісі Рүстем Күлшебаев болған.
Досымжан Таңатаров 1975 жылы Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында туған. 2008 жылы Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, 2009 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды.