НҰР-СҰЛТАН, 24 қаңтар – Sputnik. "Отбасы банк" қанша қазақстандықтың зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға өтініш бергенін хабарлады.
"24 қаңтар сағат 12:00-дегі жағдай бойынша 228 миллиард теңгеге (541 миллион доллар – Sputnik) 15 262 өтініш келіп түсті", - деп хабарлады банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
23 қаңтардан бастап "Отбасы банк" (бұрынғы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) зейнетақы жинағын пайдалануға өтініш қабылдау үшін Enpf-otbasy.kz онлайн-платформасын іске қосты.
Зейнетақы жинағына өтінім қабылдау басталды: жұртты мазалаған 10 сұрақ жауабы
700 мыңнан астам қазақстандық БЖЗҚ-да жинақталған қаражатының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға немесе кеңейтуге, емделуге және инвестициялауға жұмсай алады. Әзірге тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін ғана өтініш беруге болады.
Банк сонымен бірге қазақстандықтар өзінің зейнетақы жинағын жұмсауды жоспарлап отырған ең танымал бағыттарды атады. Олардың ішінде:
- ипотекалық қарызды өтеу;
- тұрғын үйді толығымен сатып алу;
- жақын туыстарына зейнетақы жинағын беру;
- "Отбасы банктен" тиімді шарттармен ипотекалық қарыз алу.
Зейнетақы жинағын алуға компьютерден ғана өтініш беруге болады. Сайттың мобильді нұсқасы жоқ.
Айта кету керек, біржолғы зейнетақы төлемін алуға арналған арнайы шотты Halyk Bank арқылы да ашуға болады.
БЖЗҚ қаражатын алуға өтініш беру үшін не істеу керектігін мына жерден оқи аласыз.