НҰР-СҰЛТАН, 21 қаңтар – Sputnik. Сенат Қазақстанда Халықаралық қаржы корпорациясының офистерін құру және олардың қызметкерлеріне артықшылықтар беруді көздейтін келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Парламент сенатының жалпы отырысында "Қазақстан мен Халықаралық қаржы корпорациясы арасындағы Қазақстанда офистер құру және олардың қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды. Келісім 2020 жылы 28 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында жасалды.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, құжат Халықаралық қаржы корпорациясының офисі қызметінің негізгі ережелерін, сондай-ақ, қызметкерлер үшін артықшылықтар мен иммунитеттерді белгілейді.
"Халықаралық қаржы корпорациясы 1956 жылы құрылып, халықаралық даму институты болып табылады. Оның негізгі қызметі жеке сектордың дамуына жәрдемдесуге бағытталған", – деді министр.
Айтуынша, Халықаралық қаржы корпорациясының офистері 104 елде бар. Сонымен бірге, корпорация өңірлік офистері әлемнің тек 13 қаласында, оның ішінде Алматыда орналасқан.
ХҚК офистері орналасқан барлық мемлекетпен офистердің қызметі туралы ұқсас келісімдер жасады.
"Ол Қазақстанда өз қызметін 1994 жылдан бастап жүзеге асырады. Осы кезеңнен бастап 1,6 миллиард доллардың жобалары қаржыландырылды. Бұл Орталық Азия елдеріне салынған инвестициялардың жалпы көлемінің 70 процентін құрайды", – деді Ерғалиев.
Аталған келісім Халықаралық қаржы корпорациясының қазақстандық офисінің орнықты жұмыс істеуіне және жаңа инвестициялар тартуға ықпал етеді.
Заң жобасының міндеттері:
- ХҚК-ның мүлкіне, активтері мен архивтеріне қол сұқпаушылық;
- ХҚК-ны және ХҚК қызметкерлерін салықтар және басқа да міндетті аударымдар төлеуден босату;
- ХҚК қызметкерлерін, олардың жұбайлары мен асырауындағы адамдарды елге кіруге және шетелдіктерді тіркеуге шектеулерден босату;
- халықаралық дағдарыс кезінде валюта айырбастауға, репатрация бойынша жеңілдіктерге қатысты дипломатиялық миссиялар құрамына кіретін тиісті дәрежедегі лауазымды адамдар пайдаланатын дәл сондай артықшылықтарды ұсыну;
- егер Офис басшысы Қазақстан азаматы болып табылмаған жағдайда, офис басшысына, оның жұбайына (зайыбына), асырауындағы адамдарға Қазақстандағы басқа да халықаралық ұйымдардың немесе дипломатиялық миссиялардың тұрақты өкілдеріне берілетіндерден кем емес қолайлы артықшылықтар, иммунитеттер, жеңілдіктер мен шарттар беру;
- ХҚК-ның шетелдік қызметкерлеріне Қазақстанға жиһаз бен мүлікті бажсыз кіргізу құқығын беру.
Келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды.
Оқи отырыңыз: Заң президентке жіберілді: Қазақстанда қандай айыппұл алынып тасталады
Айта кетсек, Халықаралық қаржы корпорациясы Дүниежүзілік банк тобының құрамына кіреді. Ал Дүниежүзілік банк тобы мынадай бес ұйымнан тұрады:
- Халықаралық қайта құру және даму банкі;
- Халықаралық қаржы корпорациясы;
- Халықаралық даму қауымдастығы;
- Инвестициялар кепілдіктері жөніндегі көпжақты агенттік;
- Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталық.