Экономика

Темекі таңбалау: кәсіпкерлер нені білуі керек 

© Sputnik / Руслан Кривобок / Медиабанкке өтуСигареты
Сигареты - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Цифрлық таңба салынбаған темекіні 1 қазанға дейін сатуға рұқсат бар. Одан кейін осы тауарды таңбаламаған кәсіпкерлер жауапқа тартылады

НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Цифрлық таңбасы жоқ темекіні қазан айына дейін сатуға болады. Одан кейін әкімшілік жауапкершілік, тіпті, қылмыстық жаза қарастырылған. Бұл туралы қаржы министрлігінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің мемлекеттік қызметтерді көрсету департаментінің директоры Бақытгүл Қазақпаеваның айтуынша, темекі өнімдерін таңбалау өткен жылы басталған. Соның аясында фильтрлі және фильтрсіз сигареттерді таңбалау шаралары қолға алынды. Ал 2021 жылдың 1 сәуірден бастап сигара, сигарилла, темекі стиктері мен электронды сигареттерге арналған сұйықтық сияқты тауарлар таңбаланады. Акциздік таңбаның орнына DataMatrix цифрлық маркасы салынады. 

"Темекі өндірушілері мен импортерлер темекінің әрбір қорабына DataMatrix кодын енгізеді. Сол арқылы өндірушінің мәліметі, сериялық нөмірін және тексеру кодын шифрлап қояды. Дүкенде темекіні сатқанда сатушы DataMatrix-ті сканерлейді. Сонда тиісті ақпарат автоматты түрде қазынашылық мәліметтер операторына ("Қазақтелеком" АҚ-сына - Sputnik) жіберіледі. Одан кейін ақпараттық жүйеге түседі. Сол кезде темекі қорабы сатылған тауар ретінде тіркеліп, айналымнан шығарылады", - деді Қазақпаева орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, цифрлық таңба салынбаған темекіні 1 қазанға дейін сатуға рұқсат бар. Одан кейін осы тауарды таңбаламаған кәсіпкерлер жауапқа тартылады. Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне сәйкес, 200-500 АЕК (583 400 – 1 458 500 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Оған қоса, заң бойынша рәсімделмеген мүлік тәркіленеді. 

"Бұдан бөлек, ол тауардан залал келсе, қылмыстық жауапкершілік бар. Ол – Қылмыстық кодекстің 283-бабы", - деп атап көрсетті Қазақпаева. 

Ал "Қазақтелеком" АҚ цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева темекі сататын кәсіпкерлерге қандай аппарат алу қажеттігін түсіндірді.

"Қолда бар онлайн кассалық аппаратты қосымша екіөлшемді сканермен жабдықтаса да жеткілікті. Аппараттық сканерді сатып алуға болады. Бәлкім, қазіргі аппаратыңызда сканер бар. Оны да тексеріп алыңыз. Негізі сканерлердің түр-түрі бар. Бағасы да әртүрлі. 20 000 теңгеден басталады. 100 000 мыңға дейін барып қалуы мүмкін", - дейді Құрманғалиева. 

Оның сөзіне қарағанда, сатылатын темекінің көлемі көп болмаса, NaqtySauda.Kassa тегін мобильді қосымшасын пайдалануға мүмкіндік бар.

Жаңалықтар
0