НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Петропавлда жалдамалы үйі өртеніп кеткен отбасы бес баламен бірге далада қалды, деп хабарлайды Astana TV.
Дүйсембиндер әулеті Мамлют ауданынан Петропавлға 2017 жылы қоныс аударған. Бірден жер үйді жалдап, өз баспаналарына ақша жинай бастаған. Алайда, бүкіл жиған-тергені жалдап тұрған үймен бірге өртеніп кетті.
"Өрт көршінің үйінен шықты. Біз тек балаларды шығарып үлгердік. Далада қалдық сол кезде. Түк қалған жоқ. Сіңлімнің де, балаларымның да құжаттары, бүкіл ақшамыз күйіп кетті", - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Гүлдана Дүйсембина.
Қазір ерлі-зайыпты бес баламен бірге көршілерінің жазғы үйінде тұрып жатыр. Тап-тар бөлмені жылыту үшін отағасы пешті күніне 4-5 рет жағады. Жергілікті тұрғындар көпбалалы отбасыға аз да болса қол ұшын созып, киім-кешек, азық-түлік және отынмен қамтыған. Қазір тек баспана мәселесі ғана өткір тұр.
Тағы оқыңыз: Қызын киімсіз үйден шығарып жіберген әйел: "Бөлме жалдаудан шаршадым"
Отанасы жергілікті биліктен көмек сұрап, қала әкімінің атына хат жазған. Алайда, шенеуніктер бір айдан бері үнсіз.
"Қазіргі кезде қала бойынша уақытша баспана жоқ. Егер де босап жатқан жағдайда, комиссияның шешімімен бұл кісіге пәтер беру қажет деп шешілсе, онда пәтер беріледі. Ол кісі 2019 жылдың сәуір айынан бастап пәтер кезегінде тұр. Пәтерді тек кезек бойынша ала алады. Қазір оның кезегі – 112-ші", - деді Петропавл әкімдігі ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Биліктен жақын арада қайыр болмайтын көрінеді. Сондықтан үйсіз-күйсіз қалған отбасы әзірге азынап тұрған үйді паналауға мәжбүр.