НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Олимпиада чемпионы Нижат Рахимов спорттан уақытша шеттетілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Достар, кеше кешке маған айып тағылып жатқаны туралы хабарлама алдым. Кезекті жарысына дайындалып жатқан кез келген атлет үшін ондай ақпараттың күтпеген жағдай болатыны анық. Мені тыйым салынған затты пайдаланғаным үшін айыптап жатқан жоқ", - деп жазды Рахимов Instagram парақшасында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Спортшы дайындық кезінде үнемі допингке қарсы сынама тапсырып отыратынын ерекше атап өтті.
"Одан кейін зәрімді не істейтіні белгісіз. Оны бізді тексеретін органдар біледі, солардың жауапкершілігіндегі мәселе. Достар, мен жеңілмеймін және біреудің кінәсін мойныма алмаймын. Мен жеңіске жеткен күні мыңдаған қазақстандықтың менімен бірге қуанған сәттерінен күш аламын! Сіздер бүгін де қолдайсыздар деп білемін. Мен әділ спортты қолдаймын!", - дейді Рахимов.
Атлет халықаралық допингке қарсы агенттікке барып, түсініктеме беретінін жазды.
"Мен осы жазғанымның бәрін айтамын", - деп түйіндеді.
Айта кетейік, 19 қаңтарда Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Олимпиада чемпионы Нижат Рахимовтың допингке қарсы ережені бұзғаны үшін спорттан уақытша шеттетілгені туралы ақпарат таратты. Рахимов 2016 жылы зәрді ауыстырды деген күдікке ілінді.
Ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы Рахимов уақытша шеттетілді
Рахимов Рио-де-Жанейро Олимпиадасында 77 келіге дейінгі салмақта жеңіске жеткен болатын. Ал 2015 жылы әлем чемпионы атанды. Нижатпен бірге 2017 жылғы Еуропа чемпионы румын Думитру Каптариге де тура сондай айып тағылды.
2013 жылы тамызда 27 жаста болған Рахимов допингке қарсы ережені бұзғаны үшін екі жылға шеттетілген болатын.