НҰР-СҰЛТАН, 19 қаңтар — Sputnik. Қазақстан президенті мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованы қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Кездесуде мемлекет басшысына агенттіктің 2020 жылы атқарған жұмыстарының негізгі қорытындылары туралы егжей-тегжейлі есеп берілді.
Анар Жайылғанова ведомствоның мемлекеттік қызметке орналасу рәсімдерін жетілдіруге, саяси қызметті кәсібилендіруге, қызметкерлерді ынталандыруға және дамытуға бағытталған жұмыстар туралы айтты. Президенттік жастар кадрлық резерві, сондай-ақ, мемлекеттік қызметтің ұйымдастыру мәдениетін өзгертуге қатысты атқарылған шара жайлы ақпарат берді.
Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметті цифрландыру, оның ішінде, "Е-қызмет" жүйесінің интеграция аясын кеңейту және i-Qyzmet жүйесін әзірлеу барысына да тоқталды.
Жайылғанованың айтуынша, өткен жылы агенттіктің штаты 10 процентке қысқарған, ал биыл ақпан айының соңына дейін тағы да 15 процентке оңтайландырылмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев агенттік төрағасына орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік қызметшілерді қысқарту үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар президент мемлекеттік басқару тұжырымдамасын әзірлеу және жүзеге асыру аясында ведомствоның жұмысын жандандыруға нұсқау берді.