Саясат

Президенттің төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы қашан өтеді

© Sputnik / Владислав ВодневҮкімет отырысы
Үкімет отырысы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Үкіметтің жаңа құрамымен өтетін жиында республиканың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы кезеңде атқарылатын міндеттер қаралады

НҰР-СҰЛТАН, 19 қаңтар – Sputnik. 26 қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді, деп хабарлайды Ақорда.

Президент 19 қаңтарда премьер-министр Асқар Маминді қабылдады.

Мамин Тоқаевқа 26 қаңтардағы үкіметтің кеңейтілген отырысына дайындық барысы жайында айтты. Мемлекет басшысының төрағалығымен өтетін жиында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы кезеңде атқарылатын міндеттер қаралады.

Сондай-ақ, кездесуде президентке Қазақстандағы санитарлық-эпидемиялық ахуал мен әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелері туралы баяндалды.

Мамин еліміздегі санитарлық-эпидемиялық ахуалдың бақылауда екенін жеткізді.

Премьер-министр Тоқаевқа коронавиурсқа қарсы вакциналар жөнінде мәлімет берді. Қазіргі уақытта отандық QazCovid-in вакцинасы клиникалық сынақтың ІІІ сатысынан өткізіліп жатыр. Оның алдын ала тиімділігі 96 пайызды құрайды. "Спутник V" вакцинасының сапасы аттестациядан өткізілуде. Сондай-ақ GMP стандарты бойынша вакцина шығаратын биофарм зауытының құрылысы жүргізілуде.

Тағы оқыңыз: Тоқаев биыл кімдердің жалақысы өсетінін айтты

Кездесу барысында экономикалық өсімді қалпына келтіру, инвестиция тарту, халықты жұмыспен қамтуды қолдау, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басқа да өзекті мәселелері жөніндегі шаралар талқыланды.

Мемлекет басшысына тұрғын үй құрылысының даму қарқыны туралы да мәлімет берілді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 16,8 пайызға артып, 15,3 миллион шаршы метрге жеткен.

Кездесу соңында президент үкіметке Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа биылғы төрағалық қызметінің жоғары деңгейде атқарылуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Бұл көпжақты еуразиялық интеграцияның дамуына тың серпін береді.

Жаңалықтар
0