НҰР-СҰЛТАН, 19 қаңтар – Sputnik. Павлодарда теміржол локомотиві ер адамды басып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 18 қаңтар күні 11.40-та Шығыс өнеркәсіптік аймағының аумағында болды.
60 жастағы локомотив жүргізушісі теміржолды кесіп өтпек болған ер адамды қағып кетті. Салдарынан ер адам оқиға орнында жан тапсырды – пойыз марқұмның басын жұлып әкеткен.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева Sputnik Қазақстанға жедел жәрдемді сағат 12:16-да жолшыбай өтіп бара жатқан адам шақырғанын мәлімдеді. Дәрігерлер оқиға орнына төрт минуттың ішінде жеткен.
Теміржолда сырт келбеті еуропалыққа ұқсайтын белгісіз ер адам жатқан.
Құқыққорғаушылардың ақпаратынша, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.