НҰР-СҰЛТАН, 19 қаңтар — Sputnik. АҚШ әскери-теңіз күштері штабының басшысы адмирал Майкл Гилдей алдағы онжылдыққа арналған "Навигациялық жоспарды" ұсынды. Құжаттағы басты мәселе – америкалық флот Дүниежүзілік мұхитта үстемдік етуі керек. Жаһандық бақылаудың мақсаты – америкалықтардың тыныш өмірі. Алайда мәтінде басқа елдерге бағытталған ашық агрессия айқын көрінеді, деп жазады РИА Новости.
Құжат авторлары Америка флоты АҚШ азаматтарының қауіпсіздігі мен өмір салтына қауіп төндіретін ұзақ мерзімді бәсекелестікке жұмылдырылғанын атап өтіп, әскери-теңіз күштерінің қолбасшылығы бір минутты да босқа өткізе алмайтынын баса айтқан: алдағы онжылдықта ғана емес, бүкіл ХХІ ғасыр бойы күштер тепе-теңдігін сақтау үшін белсенді әрекет ету керек.
Мәскеу мен Бейжің аймақтық сулардан тыс аудандарда да теңіздегі бағалы ресурстарға заңсыз бақылау жүргізбекші, "көрші елдерді қорқытып", "оларды өз талаптарын орындауға күштеп мәжбүрлеуде" және "маңызды су жолдарын алыс қашықтықтан әрекет ететін зымырандармен бақылауда ұстап отыр".
Ресейдің заманауи зымыран кемелері мен сүңгуір қайықтары, гипердыбысты зымырандар және тактикалық ядролық қару жасау саласындағы жаңа әзірлемелері америкалықтарға еш ұнамайды. Пентагонның пікірінше, Ресей флоты бүкіл әлем бойынша белсенділікті күшейтіп, АҚШ жағалауларына әскери күштерін жақындата түсуде. Сондықтан, "Ресейді сенімді түрде бақылауда ұстау керек".
Америкалық сарапшылардың айтуынша, қарқынды дамып келе жатқан Қытай флоты әлемдегі ең ірі флот және ол үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Бейжің Вашингтон мен оның одақтастарына қарсы әрекет жасап, ең өзекті және ұзақ мерзімді қауіпке айналуда.
Сонымен қатар, Америка Құрама Штаттарын теңіз державасы деп атап көрсетіп, оның өркендеуі мен қауіпсіздігі теңіздегі басымдылықты сақтау мүмкіндігіне байланысты екені құжатта жазылған. Ол үшін "Дүниежүзілік мұхиттың әр бұрышында" өзінің әскери-теңіз күшін кеңейту қажет. Америкалықтар халықаралық құқық рұқсат еткен барлық жерде жүзуді және ұшуды жалғастырады, сондай-ақ бәсекелестердің "теңіздегі амбицияларына" тоқтау салып, олардың әскери мүмкіндіктерін ыдырату мақсатында әлемнің түрлі аймақтарына өз әскери күштерін орналастырады.
Осылайша, баллистикалық зымырандары бар атомдық сүңгуір қайықтар "АҚШ-ты ядролық шабуылдан қорғайды", ал арнайы операция күштері" ең мықты жауды да тосыннан тоқтатуға дайын". Адмиралдар әскери-теңіз күштері құрлық әскерлерін кез келген жағалауға түсіруге қабілетті деп сендіреді.
Әскери-теңіз күштерінде "агрессияны тоқтату үшін барлық құрал бар". Атап айтқанда, теңізден, су астынан және әуеден шабуыл жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық, кибернетикалық технологиялар мен басқа да қару түрлерін меңзеп тұрса керек.
Ұшқышсыз ұшатын теңіз платформалары да "өмірлік маңызы бар" аппараттар қатарына жатқызылған. Олар барлау, қадағалау кезінде артықшылықты қамтамасыз етеді және флоттың шабуыл жасау қабілетін арттырады. Онжылдықтың соңына қарай Әскери-теңіз күштері роботтандырылған аппараттармен тығыз байланыс орнатып, сенімді және үйлесімді жұмыс істей алатын болуы керек.
АҚШ әскери-теңіз күштерінің қолбасшылығы барлық жоспарды жүзеге асыру үшін флотты нығайту және кеңейту керек деп санайды. Жоғары шабуыл қабілеттілігі бар атомдық сүңгуір қайықтар мен жер үсті кемелері қажет. Сонымен қатар, жаңа кемелер "Созвездие" тобына жататын фрегаттар секілді ықшам болуы керек.
Пентагон әуе кемелерін де есептен шығарған жоқ. Олар әскери теңіз күштерінің мақтанышы және күш көрсетудің басты құралы ретінде қалып отыр. Флоттың суасты күштерінің ерекше маңыздылығын атап өткен. Мұндағы "Колумбия" дәрежесіндегі атомдық стратегиялық субмариналар мен көп нысанды "Вирджиния" әлеуетті саналып отыр.
Әскери-теңіз күштерінің қолбасшылығы бір ғана техникаға сенім артуға болмайтынын түсініп отыр. Сондықтан, жеке құрамның оқу-жаттығуларына жіті көңіл бөліп, жаудың мінез-құлқының бүге-шігесін жақсы тануға үйрету керек. Адмиралдардың пікірінше, "теңізшілер қауіп-қатерді бақылап, тез әрекет етіп қана қоймай, белгілі бір елдің азаматтарының менталитетіне қатысты ерекшеліктерін терең тану арқылы қарсылас тараптың әрекеттерін инстинктивті түрде алдын ала біліп отыруы керек".
"Алдағы қақтығыстардың" сценарийлері бүкіл әлем бойынша - Қиыр Солтүстіктен Тынық мұхитының батыс бөлігіне дейінгі аумақтағы оқу-жаттығуларда пысықталады. Мысалы, биыл АҚШ-тың әскери-теңіз күштері десанттық операциялармен бірнеше авиатасымалдаушы топтардың ауқымды маневрлерін өткізеді.
Онда алғаш рет шабуылдауға арналған жаңа қару-жарақ пен ақпараттық ресурстарды қолданатын шағын тактикалық кибер-топтар жұмылдырылады. Адмирал Гилдей бұған дейін бұл маневрлердің ауқымы "бұрын-соңды тарихта болмағанын" айтқан болатын.
АҚШ әскери-теңіз күштерінің стратегиясында ақпараттық және цифрлық технологиялар маңызды орын алады. Оларсыз әскери операцияларды орындау мүмкін емес. "Цифр" бәрін шешеді, теңіз және құрлықтағы шайқастарды жылдам әрі тиімді өткізуге мүмкіндік береді.