Қоғам

ІІМ шетелдіктерге визаны жеңілдікпен беру тәртібін түсіндірді

© Sputnik / Андрей Александров / Медиабанкке өтуҚұжат пен мөр, архивтегі сурет
Құжат пен мөр, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Құжатының мерзімі өтіп кеткен немесе мерзімі 2021 жылғы 5 маусымға дейін аяқталатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды

НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Ведомствоаралық комиссия шетелдіктерге 5 маусымға дейін уақыт берді. Оған дейін рұқсат мерзімі өтіп кеткендер өз еліне қайтуы тиіс. Ал Қазақстанда қалатындар құқықтық мәртебесін рәсімдеп алуы шарт, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжановтың айтуынша, жеңілдік шаралары отбасымен қосылуға келген, құжаттардың жарамдылық мерзімі өтіп кеткен және жұмыс істеп жүрген шетелдіктерге таралады. Олар:

  • Еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсаты немесе өздігінен жұмысқа тұруға арналған тиісті біліктілігі туралы жергілікті атқарушы орган берген анықтамасы барларға виза мен уақытша тұруға рұқсат шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның елге келу мақсаттарын ескерусіз беріледі;
  • Қазақстан Республикасының аумағында отбасымен қосылу мақсатымен жүрген және құжаттарды өз елінен ұсына алмайтындарға виза шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның елге келу мақсатының талаптарын ескерусіз беріледі;
  • Рұқсатты беру, ұзарту және қайта рәсімдеу туралы өтінішпен жүгінген еңбек иммигранттары "Көші-қон туралы" заңның 43-1 бабы, 2-тармағының ("Еңбек иммигрантының Қазақстанда үздіксіз уақытша тұрының максималды мерзімі 12 айдан аспауы тиіс") талаптарын ескерусіз рәсімделеді.

Осы үш санатқа кіретіндер көші-қон қызметіне барып, құқықтық мәртебесін рәсімдеп алуы шарт.

"2021 жылғы 1 қаңтардан 5 маусымға дейінгі кезеңде құқықтық мәртебелерін заң жүзінде реттелмеген шетелдіктердің құқықтық жауапкершіліктен босатылмайтынын ескертеміз", – деді Сейітжанов бүгінгі онлайн брифингте.

Айта кетейік, рұқсат құжаттарының мерзімі өтіп кеткен немесе мерзімі 2021 жылғы 5 маусымға дейін аяқталатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Оларға елден шығуға рұқсат беріледі.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда оралмандар үшін азаматтық алу жеңілдейді

Жаңалықтар
0