НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Ресейлік "Поле чудес" телеойынында қазақтың "Сарыжайлау" әні орындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Соңғы бағдарламаға Саратов облысының тұрғыны Альбина Сейітқалиева қатысты. Ол Пугачев ауданындағы Давыдовка ауылында тұрады. Мамандығы – заңгер.
"Біздің жердің әсемдігі жайында тоқтамай айта беруге болады. Жалғыз Ырғыздың өзі Еуропадағы ең бұралаң өзен болып саналады. Ал біздің даламыз бен егістік алқаптарымыздың ұшы-қиыры жоқ. Біздің ауданымыз – ауыл шаруашылықтың көшбасшысы", - дейді Сейітқалиева.
Альбина өзімен бірге 12 жастағы Эльвира Ғазизулинаны да алып келген. Жас әнші қазақтың "Сарыжайлау" әнін орындап берді (видеода 13-ші минутта басталады).
Альбина Сейітқалиева бірінші айналымда жеңіске жетті. Бірақ финалда қарсыластары барабанды екінші рет айналдыруға мүмкіндік бермеді.