НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Петропавл қаласының тұрғыны алаяқтардың алдауына түсіп қалды. Ол депозиттегі ақшасын жоғалтып аламын деп қорыққан. Белгісіз ер адамға бір миллион теңге аударды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, белгісіз ер адам әйелге телефон шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырған. Одан кейін біреулер оның депозиттегі есепшотын бұзып жатқанын, сол себепті ақшаны шұғыл басқа есепшотқа аудару қажеттігін айтқан.
"Ол әйел қатты қорқып кетті. Содан телефон шалған ер адамға бірден сеніп, айтқанын істеді. Банк қызметкерімін деген жігіт қосымша есепшотты өзі ашты да, барлық ақшаны соған аударуға кеңес берген. Ақшаны бөліп-бөліп аудартқан. Қала тұрғыны оған да күдіктенген жоқ. Ақыры бір миллион теңгеге алданып қалды", - дейді полицейлер.
Құқық қорғаушылар осы сынды алаяқтық кеңінен тарағанын ерекше атап өтті. Осыған қатысты түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіледі. Алайда аңқау адамдар бәрібір алданады. Оған қоса, алаяқтар арнайы терминдерді қолданып, банк қызметкері сияқты сөйлесіп отырады. Ондайда адам бірден сеніп қалады.
"Интернет алаяқтардан сақтанудың ең тиімді жолы ол – барлық аударымды банктің өзінде жасау. Алаяқтар өздерін банктің қауіпсіздік қызметі ретінде таныстырып жатады. Ондайда адамдар бірден сеніп қалады. Ең бастысы, үрейге салынбау қажет. Банктің ресми байланыс нөмірін тауып алыңыз да, барлық мән-жайды біліңіз", - дейді қалалық полиция басқармасының бастығы Жандос Мұхатов.