НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Калифорния тұрғыны өз штатында коронавирус жұқтырып алудан қорқып, үш ай бойы Чикаго әуежайында жасырынған. Полиция оны қолға түсірді, деп хабарлайды РИА Новости.
Құқыққорғаушылардың мәліметінше, 36 жастағы Адитья Сингх Чикаго қаласына 19 қазанда ұшып келген. Содан бері О'Хара халықаралық әуежайының қауіпсіздік аймағында тұрған.
Полиция Сингхты тек 16 қаңтарда жеке куәлігін сұраған кезде ұстады.
Ол құжаттың орнына әуежай қызметкерінің жетонын көрсеткен. Анықталғандай, жетонды жұмысшылардың бірі қазан айының соңында жоғалтып алған.
Сингх үш ай бойы әуежай жолаушылары бөліскен тамақпен күн көргенін айтты.
Мемлекеттік қорғаушы Адитья Сингхтың Лос-Анджелес қаласының маңында тұратынын мәлімдеді. Қонақ үй бизнесін меңгеріп, магистр дәрежесін алса да, қазір ол жұмыссыз жүр.
Ер адамның коронавирустан қорғану үшін неге Чикаго әуежайын таңдағаны белгісіз.
Сингхқа тыйым салынған аумаққа заңсыз кірді және ұсақ ұрлық жасады деген айып тағылды.