НҰР-СҰЛТАН, 15 қаңтар – Sputnik. Елді мекендердің тірегі саналатын ауылға баратын әрбір жол толығымен жөнделеді. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Өңірлерді, қалаларды, аудандар мен ауылдарды өзара байланыстыратын инфрақұрылымды жақсартуға басымдық беріледі. Жаңа стандарттарға сәйкес, 3 500-ден астам ауылды жаңғыртамыз. Айналасындағы елді мекендердің тірегі саналатын ауылға баратын әрбір жол мен республикалық маңызы бар күрежолдар 100 пайыз жөнделеді", – деді Тоқаев VII шақырылымдағы парламент сессиясында.
Президенттің айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқаруды ары қарай жетілдіру үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдетіп, өкілдік және атқарушы органдардың дербестігін арттыру маңызды.
"Осы орайда мен мәслихат депутаттарына мына мәселені баса айтқым келеді. Сіздердің белсенді ұстанымдарыңыз сайлаушылардың мүддесін қорғайтын сапалы әрі салмақты шешімдері қабылдауға ықпал етуі керек. Қолға алынған өзгерістердің жедел және табысты жүзеге асуы жергілікті жердегі жұмыстың тиімділігіне тікелей байланысты", – деп атап көрсетті Тоқаев.