Әлем

"Бұл наразылық емес, көтеріліс болды": Трампқа тағы да импичмент жарияланды

© Sputnik / Stringer / Медиабанкке өтуПрезидент США Дональд Трамп на церемонии инаугурации в Вашингтоне
Президент США Дональд Трамп на церемонии инаугурации в Вашингтоне - Sputnik Қазақстан
Жазылу
АҚШ конгресінде импичментті қолдап 232 дауыс берілді, 197 адам қарсы болды. Импичмент "бүлік шығаруға итермелеу" бабы бойынша жарияланды

АЛМАТЫ, 13 қаңтар – Sputnik. АҚШ Конгресі өкілдер палатасы көпшілік дауыспен президент Дональд Трампқа импичмент жариялау туралы шешім қабылдады. Қазіргі президенттің он партияласы демократтардың талабымен келісті, осы уақытта Капитолийге ұлттық ұланның қарулы күші келді.

Импичментті қолдап 232 адам дауыс берді, 197 адам қарсы болды. Бұл – палатаның дауыс беру нәтижесі. Трамп – АҚШ тарихында екі рет импичмент шығарылған жалғыз президент.

Импичмент "бүлік шығаруға итермелеу" бабы бойынша жарияланды. Резолюцияда Трамптың әрекеті президентке импичмент жариялауға лайық "ауыр қылмыстар мен заңсыздықтар" Конституция тұжырымына сәйкес келетіні айтылды, деп хабарлайды РИА Новости.

Сенаттағы республикашылдар лидері Митч Макконнелл қазірдің өзінде Трампқа оның өкілеті аяқталғанға дейін сот ісін жүргізуге мүмкіндік жоқ деп мәлімдеді.

Наразылық білдіргендердің ашуы

Өкілдер палатасында тыңдау сәрсенбі күні өтті. Палата спикері Нэнси Пелоси тыңдау кезінде Трамптың елге қауіп төндіретінін және оның кетуі керек екенін айтты.

"Америка құрама штаттарының президенті көтеріліс қоздырғанын білеміз, бұл – біздің ортақ елге жасалған қарсы қарулы көтеріліс. Ол кетуі керек. Ол  еліміз үшін айқын және өзекті қауіп", - деді ол.

Палатаның ішкі тәртіп комитетінің басшысы Джордж Макговерн тыңдау кезінде Капитолийға шабуыл жасағандардан зұлымдық көргенін, оларды Трамп басқарғанын айтты.

"Мені және басқа әріптестерімді эвакуациялаған кезде шабуыл жасағандардың зұлымдығын ешқашан ұмытпаймын", - деді Макговерн.

Оның айтуынша, конгресте болған қызметкерлер отбасына хабарлама жіберіп, олармен қоштасқан, ол жерден аман шығамыз деп ойламаған. "Бұл наразылық емес, көтеріліс болды. Дональд Трамп рухтандырған біздің елге қарсы ұйымдастырылған шабуыл", - деді ол.

Трампқа қарсы республикашылар

АҚШ Конгресі өкілдері палатасындағы республикалық партияның он мүшесі импичмент туралы талаппен келісті.

Бірнеше күн бұрын БАҚ беттерінде бұрынғы вице-президент Дик Чейнидің қызы Лиз Чейнидің мәлімдемесі жарияланды. Ол Трамп АҚШ Капитолийіне "бір топ адамды шақырып, оларды жинап, осы шабуылдың отын жақты" деді. Дауыс беру күні осы мәлімдеме бірнеше рет жарияланып, импичментті қолдаған республикашылардың саны 10-ға жетті.

Дауыс беру кезінде Капитолийде бірнеше наразылық болды. Наразылық білдірушілер Капитолийдің сыртындағы қоршауларға президент Дональд Трампты қолдады деп айыпталған 121 конгрессмен мен 12 сенатордың есімі жазылған баннерлерді іліп қойғысы келді. Себебі олар сайлау нәтижесін мақұлдауға қарсы шықты. Полиция наразылық білдірушілерді қуып жіберді.

Сәрсенбіде Конгресс ғимаратының айналасына тосқауылдар тұрғызылды. Капитолий ауданына жеке құраммен әскери көліктер келді. Қарулы жауынгерлер тобы ғимаратқа қарай барды. Спикер Пелоси Twitter парақшасында Капитолийға қарама-қарсы тұрған ұлттық әскердің суретін жариялады.

Импичмент жариялау туралы үкім қашан шығады

Сенаттағы республикашылар лидері Митч Макконнелл АҚШ сенаты президент Дональд Трампқа оның президенттік мерзімі аяқталғанға дейін импичмент жариялау туралы үкім шығармайтынын хабарлады.

"Сенаттағы жұмыстар осы аптада басталып, процесс жылдам жүрсе де, президент Трамп кеңсесінен кеткенге дейін түпкілікті шешімге қол жеткізу мүмкін емес. Бұл менің шешімім емес, бұл – факт", - делінген Макконнелл мәлімдемесінде.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда мемлекет үшін "Конгресс пен атқарушы билік алдағы жеті күнді инаугурацияның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Байден әкімшілігіне билікті тиісті түрде беруге бағытталған жұмыстарға арнаса" жақсы болар еді.

Бұған дейін АҚШ өкілдер палатасының көпшілігі АҚШ президенті Трампқа импичмент жариялау туралы қарарды мақұлдады, енді бұл мәселе сенатқа – Конгресстің жоғарғы палатасына өтеді.

Импичмент ісі сенатқа жіберілгеннен кейін сот процесі басталады. Алайда АҚШ сенаты импичмент туралы ұсынысты қабылдамайды немесе келесі президент билікке келгенге дейін бұл мәселені қарауды созуы мүмкін. Себебі сенатта импичментті жақтаушылар өкілдер палатасына қарағанда аз.

Ғимаратқа басып кірді

Айта кетейік, 6 қаңтарда Дональд Трамптың жақтастары Вашингтондағы Конгресс ғимаратына басып кірді.

Тәртіпсіздіктер салдарынан кемінде бес адам қайтыс болды. Сол кезде Капитолийдегі конгрессмендер сайлау алқасының дауыс беру нәтижелерін мақұлдаумен айналысып отырды. Сайлау нәтижесіне сай, Джо Байден президент сайлауының жеңімпазы болды. Конгресс отырысы үзіліп, конгрессмендердің бір бөлігі эвакуацияланды.

Капитолийде тәртіп орнаған кезде өкілдер палатасы мен АҚШ сенаты Байденнің жеңісін мақұлдады.

 

Жаңалықтар
0