НҰР-СҰЛТАН, 14 қаңтар – Sputnik. Кеш сайын кино көріп, бұқтырылған шұжықты аңсадық. Үйден-үйге арқанды ұстап баратын едік. Әйтпесе, жел ұшырып әкететін. Пейзаждың басты элементі – айсбергтер. Негізінен тіршілік иелері – пингвиндер. 1963 жылдың 14 қаңтарында Молодежная ғылыми-зерттеу станциясы өз жұмысын бастады.
Бұл Антарктидадағы төртінші кеңестік қоныс болатын. 1970 жылдары ол ондаған елдің 30 қонысының ішіндегі ең ірісі еді. "Молодежканы" көп уақыт бойы астана деп санады: өз әуежайы, 70 үйі және атау берілген көшелері бар. Электр станциясы мен радиоторап та болды. Мәрмәр тастан салынған моншаның өзі неге тұрады!
Ажалды бұрқасын
Кеңестік Молодежная Антарктидадағы үздік ғылыми орталық ретінде танылды. Станциядағылар мұз карталарын әзірлеп, қар өлшейтін түсіріліммен айналысты, поляр шұғыласын зерттеп, метеобақылау жүргізді. Әлемде бірінші болып 1979 жылы атмосфераны метеорологиялық лазермен зондтады.
Ресейдің құрметті поляршысы Виктор Боярскийдің айтуынша, маусым кезінде "Молодежкада" мыңға жуық адам болса, соның 100-150-і қыстап шығатын.
"Мұндай станциялардағы жұмыс антарктикалық маусым бойы – қарашадан ақпанға дейін жалғасады. Содан кейін қыстау.Тағы бір "маусымды" қосамыз. Сонда 14-15 ай шығады: бұл стандартты бағдарлама. Кейде адамдар екінші қыстауға қалатын. Бірақ мұндай жағдайлардан аулақ болуға тырысады. Қыс – бұл маусым, шілде және тамыз: Антарктидадағы өте қиын кезең. Басты себеп – барлық кезде дауылды жел тұрады. Бұрқасынның күштілігі сонша, алысқа ұшып кетуің әбден мүмкін".
Боярский айтқандай, поляршылар бұқтырылған шұжық пен сыраны аңсауы Антарктидадағы тамақтың нашарлығынан емес. Ол жақта шұжықтың қатты ысталған түрі ғана болған. Себебі, ол суықта ұзақ сақтауға жарамды. Ал сыра он күнде бір рет бір банкіден ғана берілетін.
Оқи отырыңыз: Антарктидада зерттеу жүргізген ғалымдар бүкіл өркениетке қауіп төнгенін мәлімдеді
Ұзақ жылдар бойы Антарктидада мекендеу денсаулыққа зиян. Медицина мамандары егер адам антарктикалық аймақта бес жылдан көп уақыт болса, оның ағзасындағы қорғаныш күштері жойылып кетеді. Сондай-ақ, психологиялық жүктеме де бар. Адамдар бірнеше ай бойы біртекті пейзажды тамашалай берсе, олардың бойындағы қауіп сезімі жоғалып кетеді екен. Бұл өмірге қауіп төндіреді. Виктор Боярский бұл тұжырыммен келіспейді:
"Бірқалыпты пейзаж – әдеби ұғым. Адамдар шөлде жүрген жоқ қой! Үйлер қолайлы, барлық жағдай жасалған: әдетте әр үйде бір-бір адамнан тұрады. Қаласа, гүл отырғызып, көкөніс өсіруге болады. Күніне үш рет асханада бас қосады. Ол жақтағы өмір соншалықты бірсарынды емес".
Алайда Боярский психологиялық денсаулыққа қауіп болуы мүмкін екенін жоққа шығарған жоқ. Әсіресе, заманауи станцияларда мұндай қауіп бар. Егер бұрынғы станцияларда үй мен жұмыс, тамақтану орындары әр ғимаратта болса, қазір барлығын моноблок ретінде біріктіріп салып жатыр. Барлығы бір шатырдың астында. Далаға шығу қажеттілігі жоқ. Бұл қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Әйткенмен, қамауда отырғандай әсер етеді. Бастысы, бұл мәселеге аса мән бермеу керек.