НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар — Sputnik. РФ президентінің әкімшілігі басшысының орынбасары Дмитрий Козак Берлинде өткен "норманд төрттігі" саяси кеңесшілерінің кездесуін пайдалы деп атағанмен, нәтижесі мақтануға тұрарлықтай емес екенін айтты, деп жазады РИА Новости.
"Өкінішке қарай, мақтанатындай ештеңе жоқ. Бүгінгі кездесу несімен ерекшеленгенін айта аламын. Бұл минскілік келісімдерді, париждік саммит қорытындыларын саяси құраушы жағынан жүзеге асыру мәселелері бойынша ашық пікір алмасу болды. Алайда, соңғы шешімге келе алмадық", - деді Козак журналистерге.
Оның айтуынша, тараптар байланыс тобы аясында жалпыға ортақ реттеулер бойынша жол картасының бағыттарын жүзеге асырудың "жаңа принциптері мен әдістерін" әзірледі. Козак ресейлік делегация бұл кездесуді "пайдалы" деп санайтынын, тараптар әдіс-тәсілдермен алмасқанын, "бірақ, ақырғы шешім әлі жоқ" екенін баса айтты.
Сондай-ақ, ол "Норманд форматындағы" елдер көшбасшыларының саяси кеңесшілері және "төрттіктің" (Ресей, Германия, Франция, Украина) СІМ өкілдері кезекті кездесу жөнінде келіскенін хабарлады.
"Соңғы шешімге келе алмадық. "Жол картасын" қалыптастырудың жаңа әдіс-тәсілдерін әзірлеу жөнінде келісімге келдік. Біз бұл мәселелердің барлығын екі аптадан кейін қайта талқылайтын болдық", - деді Козак.
Президент әкімшілігінің өкілі атап өткендей, "саяси кеңесшілер мен СІМ өкілдері" қатысатын бұл ресми жиын онлайн форматта өтеді.
Журналистерге сұқбат берген Дмитрий Козак Донбастағы атыстар мен Украина мәселесіне қатысты ойымен бөлісті.
"Донбаста оқ атып, соғыс әрекеттерін қайта бастау Украина үшін өз-өзіне қол жұмсаумен тең болар еді. Сондықтан, Украина соғыс әрекеттерін қайта бастауы екіталай. Жаздан бері бұл аймақта оқ атуды тоқтату біршама сақталып келеді", - деді Дмитрий Козак.
Ол АҚШ президентінің ауысуының Украинадағы текетіресті реттеуге ықпал ету мүмкіндігі туралы пікір білдірді.
"Мұны болжау біршама күрделі. Түрлі процестер жүріп жатыр. Естіген боларсыздар, бүгін украиналық бір топ азамат Америкадағы сайлауға араласты деп айыпталып отыр. Ол азаматтар жеңіске жеткен үміткердің мүддесін қорғамаған, керісінше. Сондықтан, бұл процестер қалай аяқталатынын мен білмеймін", - деді Дмитрий Козак.
РФ президенті әкімшілігі басшысының орынбасары жаңа сайланған президент Джо Байден бұрынғы көшбасшы Барак Обаманың сыртқы саясатында Украина мәселесіне жетекшілік жасағанын еске салды.
"Негізі, бірдеңе өзгеруі керек шығар. Бірақ, бұл жерде болжау... АҚШ тәуелсіз мемлекет. Ол сыртқы саясатын өз бетінше жүзеге асырады", - деді Козак.
Сейсенбі күні Берлинде "норманд төрттігі" көшбасшыларының саяси кеңесшілерінің украиналық реттеу жөніндегі келіссөздері өтті. 2019 жылғы Париж саммитінің қақтығысты саяси реттеу бойынша қорытындыларын іске асыруды талқылау кездесуге негіз болды.
2019 жылдың 9 желтоқсанында Парижде өткен "норманд форматы" саммитінде тараптар бірлескен коммюнике қабылдап, Донбасстағы жағдайды реттеу бойынша жұмысты жалғастыру үшін төрт айдан кейін Берлинде кездесу туралы келісті. Құжатта Минск келісімдері "норманд форматындағы" жұмыстар үшін негіз болып қала беретіні көрсетілген. Сондай-ақ, 2020 жылдың наурыз айының соңына дейін Донбасстағы үш жаңа орындағы күштерді тарату көзделген.