НҰР-СҰЛТАН, 12 қаңтар – Sputnik. Сейсенбіге қараған түні Ресейдің Екатеринбург қаласындағы тұрғын үйлердің бірінен алапат өрт шықты, деп хабарлады РИА Новости.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт екінші қабаттағы пәтерден басталған. Өрт сөндірушілер келген уақытта барлық кіреберісті түтін басып қалған.
Құтқарушылар 90 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Өртті сөндіруге тоғыз арнайы техника, жеке құрамның 30 адамы жұмылдырылды.
Сегіз адам көз жұмды, оның ішінде бір бала.
Mash Telegram каналының хабарлауынша, құтқарылған адамдар жақын жердегі гимназияға орналастырылған, олармен психологтар жұмыс істеп жатыр.