Өңірлер

ШҚО-да таксист көліктен секіріп кетті – полиция оқиғаның мән-жайын анықтады

© Sputnik / Владимир Вяткин / Медиабанкке өтуЖол жиегінде тұрған көлік, архивтегі сурет
Жол жиегінде тұрған көлік, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Үсті-басы қан-жоса болған ер адамға "Газель" жүргізушісінен басқа ешбір көлік тоқтап, көмек көрсетпеген

НҰР-СҰЛТАН, 12 қаңтар – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында такси жүргізушісін айдалаға алып кетпек болған үш ер адам ұсталды. Олар көлік иесін ұрып-соғып, машинасын айдап әкеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, оқиға жаңа жыл қарсаңында болған. Ұлан ауданындағы Бестерек ауылының тұрғыны полицияға хабарласып, белгісіз адамдардың күйеуін ұрып соққанын және "Nissan Note" маркалы көлігін айдап әкеткенін айтып шағымданған.

"Сол күні бірден ұстау операциясы жарияланды. Барлық мәліметтерді алған полицейлер автокөлікті шұғыл іздеуге кірісті", – дейді құқық қорғаушылар.

Тергеу кезінде оқиғаның мән-жайы да анықталды. Сол күні үш жігіт күндізгі 14:00 шамасында облыс орталығына жақын Меновное ауылына такси шақырған. Кейінірек қала сыртына апарып тастауды өтінгене, жүргізуші ол үшін қалаарлық таксиге тапсырыс беру керектігін айтып, бас тартады.

"Алайда, үш жігіт такси жүргізушісін көндіріп, Ұлан ауданындағы Бестерек ауылына қарай шыққан. Ал "Өскемен – Самара" тас жолына түскенде үшеуі көлік жүргізушісін жабылып ұрып, артқы орынға отырғызып, ұрлап әкеткен. Бірақ жүргізуші ыңғайлы сәтті пайдаланып, жүріп келе жатқан машинадан секіріп кеткен", – дейді полицейлер.

Такси жүргізушісі әйеліне телефон шалып, мән-жайды айтады. Ал жұбайы полицияға хабар берген. Сондай-ақ, үсті-басы қан-жоса болған ер адамға "Газель" жүргізушісінен басқа ешбір көлік тоқтап, көмек көрсетпейді.

"Полицейлер зардап шеккен ер адамның көлігін оқиға орнынан 30-40 шақырым қашықта Тарғын ауылына жақын маңда тоқтатты. 24-34 жастағы үш ер адам ұсталды. Олардың екеуі бұған дейін қылмыстық жазаға тартылған", – дейді полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев. 

Қазіргі кезде ұрланған көлік иесіне қайтарылып, Қылмыстық кодекстің 200-бабы, 3-бөлігі (автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) мен 125-бабының 2-бөлігі (адамды ұрлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің барлығы қамауға алынды.

Жаңалықтар
0