АЛМАТЫ, 11 қаңтар – Sputnik. Алматыда үшінші тоқсанның аралас форматта өтуіне байланысты сынып жетіспеушілігі тіркелген жоқ. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бұл істі бірнеше рет мектеп директорларымен бірге талқыладық. Қандай мектептерде, қай сыныптарда оқушы көп екенін анықтадық. Қазірге дейін сынып жетіспеушілігіне байланысты мектептерден өтінім түскен жоқ. Айта кету керек, аралас форматтың өзінде барлық оқушы 100% оқымайды. Қазір 9-сыныптардың 70%-і, 11-сыныптардың 80%-і аралас форматта оқуға өтініш берді", - деді Жылқыбаева.
Оқи отырыңыз: Сайлау учаскелері орналасқан мектептер дезинфекцияланады
Егер бітіруші сыныптың ата-анасы баласының онлайн форматта оқитыны жайлы өтініш жазса, сабақ сол форматта жалғасады.
"Оқушылар күн сайын мектепке келеді. Сабақтардың 70%-і мектепте, офлайн форматта өтеді, ал 30%-і онлайн болады. Күніне бес сабақтан аспайды", - деді басқарма басшысы.
Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, дәстүрлі оқыту режимінде бірқатар ереже сақталады:
- сыныптағы оқушылар саны 15 баладан аспайды;
- басталу және аяқталу уақытын көрсету арқылы икемді кесте құрылады;
- әлеуметтік арақашықтықты сақтау мақсатында өзара байланыс азайтылады;
- кабинет жүйесі алынады – ауысымына "бір сынып – бір кабинет" жүйесі қалыптасады;
- әр сыныпқа әртүрлі уақытқа үзіліс ұйымдастырылады;
- кіреберісте оқушылар мен мұғалімдердің дене қызуы өлшенеді;
- кабинеттерде желдетіліп, кварцтеледі;
- әр екінші сабақтан кейін сыныптарда ылғалды тазарту жұмыстары жүргізіледі;
- дəліздерді, демалыс аймақтарын, залдарды жəне басқа үй-жайларды ауысым арасындағы ылғалды тазалау жүргізіледі;
- дене шынықтыру сабағы таза ауада өткізіледі немесе спорт залдары үнемі желдетіледі;
- мұғалімдерге ата-аналар жиналысын өткізуге тыйым салынады.
Жылқыбаеваның айтуынша, мектептерде дезинфекциялық құралдар жеткілікті мөлшерде бар. Мектепке кіреберісіте аяқ киімге арналған дезинфекциялық төсеніштер қойылған.
"Сабақ барысында балалардың эмоционалды көңіл-күйіне, психологтардың ата-аналармен және оқушылармен жеке консультациясын күшейтуге көңіл бөлінеді. Сонымен қатар оқушыларға шамадан тыс салмақ салынбайды", - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия үшінші тоқсанда 9,11,12-сыныптар аралас оқу форматына көшетінін мәлімдеген еді.