НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысының жаңа бас мемлекеттік санитар дәрігері болып Әсет Жұматаев тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Солтүстік Қазақстан облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы болып Әсет Тұрғымбекұлы Жұматаев тағайындалды. Бұдан бөлек, ол Солтүстік Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері қызметін де атқарады", - деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметінен.
Әсет Жұматаев 1981 жылы 8 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Бірлік ауылында туған. Білімі – жоғары, 2004 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясын тәмамдады.
Әртүрлі жылдары қылмыстық-атқару жүйесі органдарында, Аққайың ауданы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы бөлімінің басшысы, бас маманы болып жұмыс істеді.
2013-2019 жылдар аралығында Аққайың аудандық қоғамдық денсаулық басқармасын басқарды. 2019 жылдан бүгінге дейін Петропавл қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы болды.