АЛМАТЫ, 11 қаңтар – Sputnik. Талдықорғанда бітіруші сыныптардың аралас форматта оқитынына қарамастан, үшінші тоқсанда қашықтан оқу тағы 10 күнге ұзартылды. Бұл туралы Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңірдің бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов мектеп оқушыларына сабақты қайта бастауға рұқсат берді. Алайда кейінгі қаулыда дәстүрлі форматта оқыту тек 300-ге жуық оқушы бар мектептерге, 15 адамға дейінгі сыныптарда рұқсат етілгені көрсетілген. Сондай-ақ, ірі жалпы білім беру мекемелерінде дәстүрлі оқыту форматы тек бастауыш және бітіруші 9, 11-сынып оқушыларына ғана қатысты.
"Сондықтан да, Талдықорғанның санитар дәрігерлері облыс орталығында коронавирус инфекциясы таралуының қарқыны жоғары екенін ескере отырып, қала оқушыларының тағы он күн қашықтан оқиды", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, оқу жылының басынан бері өңірде 279 оқушы СOVID-19 инфекциясын жұқтырды. Оның ішінде 20 оқушы қалыпты режимде білім алу барысында инфекция жұқтырған.
Кезекші сыныптарда қалай білім алады
Бүгінгі таңда өңірде 1-5 сынып оқушыларына арналған кезекші сыныптар 402 мектепте ашылды. Ол жерде 15 балаға дейін оқиды, кезекші сынып ата-аналар өтініші бойынша ашылды.
Барлық мектепте медицина қызметкерлері күнделікті таңертең келушілердің дене қызуын тексереді. Сондай-ақ, оқу орындарында санитарлық талаптарды сақтау үшін дезинфекциялық тоннельдер мен антисептиктер және кварцты шамдар қойылған.
Оқи отырыңыз: "Оқушылар жарытып білім алмады": депутат дәстүрлі форматқа көшуді талап етті
Соңғы бірнеше күнде Текелі, Талдықорған, Қапшағай, сондай-ақ Көксу, Қаратал, Ақсу, Ескелді және Алакөл аудандарында ауру жұқтырғандар саны артып отыр.
Сонымен қатар қаулыға сәйкес, өңірде адам көп қатынайтын уақытта автобустар саны артады.