НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар – Sputnik. Петропавлдың 36 жастағы тұрғыны жанар-жағармай құю стансасын тонады. Ер адам кассадағы ақшаны түгел алып кеткен. Полиция бірнеше рет істі болған қылмыскерді ізін суытпай ұстады.
Оқиға 11 қаңтар түнгі бірлер шамасында Әуезов көшесінде болды.
"Белгісіз қылмыскер жанар-жағармай құю стансасының терезесін сындырып, кассадан 40 мың теңгені ұрлап кетті. Орта жастағы ер адамның қылмысы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Ол қоқыс жәшігімен терезені сындырып, ішке кіріп, ақшаны алғаннан кейін белгісіз бағытта ізін жасырған", - деп мәлімдеді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінен.
Полицейлер келген кезде ер адам мас болған, деп хабарлайды Polisia.kz.
"Ұрланған ақшаның бір бөлігі тәркіленді", - деп нақтылады құқыққорғаушылар.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 191-бабы 3-тармағы "Тонау" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ер адам он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.