Саясат

Қазақстанның басым бөлігінде сайлау аяқталды

© Sputnik / Владислав ВодневКазахстанцы голосуют на выборах
Казахстанцы голосуют на выборах - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында уақыт айырмашылығына байланысты дауыс беру бір сағатқа кеш бітеді

НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның басым бөлігінде мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы аяқталып, дауыс санау басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан

Кешкі сағат 20:00-де еліміздің басым бөлігінде сайлау учаскелері жабылды. Ал Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында уақыт айырмашылығына байланысты дауыс беру бір сағатқа кеш бітеді. Жалпы, республика бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істеді. Бюллетеньдер саны - 12 038 433 дана. Сағат 20:00-дегі жағдай бойынша тізімге кірген сайлаушылардың 63,1 проценті дауыс берді.

Сағат 00.00-де экзит-поллдардың (Exit Poll) алдын ала қорытындысы жарияланады.

Орталық сайлау комиссиясы мәжіліс сайлауының нақты қорытындысын жеті күн ішінде - 2021 жылдың 17 қаңтарына дейін шығарады.

Биыл коронавирус пандемиясына байланысты сақтық шаралары барынша сақталды. Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері арнайы қаулы шығарған болатын. Оған сәйкес, сайлау учаскесіне келген адамдардың дене қызуы термометрия немесе арнайы құралдар арқылы өлшенді. Бетперде мен қолғап тегін таратылды. Ал сайлау комиссиясы мүшелері шыны тосқауылдың артында отырды. Олар ПТР-тест тапсыруға да міндеттелді. Бақылаушылар отыратын жерлер де санитарлық ережелер бойынша жасақталды. Бас санитар қол алыспауға кеңес берді.

Бұдан бөлек, коронавируспен ауырып жүрген науқастардың дауыс беру тәртібі бекітілген болатын. Комиссия мүшелері оларға өздері барды. Бірақ үйіне кірмеді. Бас санитар өз қаулысында баспалдақта дауыс беруге болатынын жазған. Ол үшін алдымен сайлаушының жеке құжаттары тексерілді. Одан кейін бюллетень берілді. Оған дейін сайлаушы қолын антисептикпен өңдеуі тиіс екені айтылды. Бетпердені тек құжат тексергенде ғана бір рет шешуге болды.

Дауыс берілгеннен кейін комиссия мүшелері тасымалданатын жәшікті міндетті түрде дезинфекциялап отырды. Ал жеке қорғаныш құралдарын қайта киюге рұқсат жоқ. Оны бірден тығыз жабылатын контейнерге салып тастау қажет. 

Мәжіліс пен мәслихаттарға қанша депутат сайланады

Осы жолы сайлауда халық бес партияға дауыс берді. Олар:

  • Nur Otan;
  • "Ақ жол" партиясы;
  • Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы Коммунистер партиясы);
  • "Ауыл" партиясы;
  • "Адал" партиясы (бұрынғы "Бірлік" партиясы).

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, 216 мәслихатқа 3 276 депутат сайланады. Соның ішінде республикалық маңызы бар қалалар мен астананың мәслихаттары (589 мандат), 36 облыстық мәслихаттар (596) және 163 аудандық мәслихаттар (2 091 мандат) бар. 

Мәжілістің 98 депутаты да партиялық тізім бойынша сайланады. Бұдан бөлек, тағы 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясының атынан мәжіліске келеді.

 

Жаңалықтар
0