НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Сыртқы істер министрлігі шет елдерде жүрген Қазақстан азаматтарының сайлауда дауыс беруіне қатысты ақпарат таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтың айтуынша, сағат 19.00-дегі жағдай бойынша шетелде барлығы 4 532 адам дауыс берді. Жапония мен Корея Республикасында жүрген қазақстандықтар бірінші болып таңдау жасаған.
"Қазіргі уақытта 10 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталды. Қалған 56-сында дауыс беру әлі жалғасуда. Соңғы болып 11 қаңтарда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 07.00-де АҚШ пен Канададағы қазақстандықтар дауыс беруді аяқтайды", - деді Нұрышев орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.
Айта кетсек, Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жанынан әлемнің 53 елінде 66 сайлау учаскесі құрылды.
Сайлаушылар тізімдері сайлау учаскесінің аумағында тұрақты тұратын немесе ұзақ мерзім болатын Қазақстан азаматтарын консулдық есепке алу деректерінің негізінде дайындалды.
Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінде консулдық есепте 11 мыңнан аса азамат тіркелген. Олардың бір бөлігі бірқатар елдегі шектеулерге байланысты қазір Қазақстанда.
Нұрышев шет елдердегі қазақстандықтардың дауыс беруіне кейбір мемлекетте орын алған табиғи апаттар мен ел ішінде жүріп-тұруға енгізілген шектеулер қиындық тудырып жатқанын айтты.
Консулдық есепте тұрған азаматтардың басым бөлігі Ресейде, Түркияда, Қытайда, Чехияда, Ұлыбританияда, Өзбекстанда, Біріккен Араб Әмірліктерінде және Қырғызстанда шоғырланған.
Хорватия, Бразилия, Словакия, Таиланд, Индонезия, Түрікменстан, Үндістан, Израиль, Пәкістан және Омандағы сайлау учаскелерінде азаматтардың ең аз саны тіркелген.