Қоғам

Бас прокуратура алдын ала қол қойылған бюллетендер жайлы видеоға түсініктеме берді

© Sputnik / Владислав ВодневШыны жәшік
Шыны жәшік - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әлеуметтік желі қолданушысы "Қазақстанда бұрмалау басталды" деген видеомен сайлау комиссиясының мүшесінің жәшікке бюллетень лақтырған видеосын жариялаған

АЛМАТЫ, 10 қаңтар – Sputnik. Бүгін таңертеңнен бері прокуратураға дауыс беру шарттарын бұзу туралы арыз-шағым түспеген. Алайда өткен тәулікте прокуратура органдарына екі қазақстандықтан өтініш түскен. Бұл туралы Қазақстан бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазақстан Республикасының сайлау туралы Конституциялық заңына сәйкес, сайлау болатын күні және оның қарсаңындағы күні кез келген үгітке тыйым салынған. Алайда кеше тыныштық күні Алматы қаласында Б. есімді азамат "Ақ жол" партиясын қолдау үшін анонимдік материалдар таратып, үгіт жүргізген", – деді Сарғазин.

Айтуынша, Алматы прокуратурасы азаматтың кінәсін мойындауына байланысты материалды сотқа жолдамай, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 102 және 113 бабына сәйкес, 20 АЕК айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Сонымен қатар 9 қаңтарда прокуратураға екі өтініш түскен. Бірі – Бас прокуратураға, екіншісі – Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы прокуратурасына.

"Бас прокуратураға Алматы қаласының тұрғыны дауыс беру кабиналарында перделердің болмауына байланысты дауыс беру құпиясын бұзудың алғышарттары туралы өтінішпен жүгінді. Өтініш Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясына жолданды", – деді спикер.

Ал екінші өтініш астаналық азамат – Қазақстан халық партиясы мүшесінен түскен. Ол жерде азамат партиялық тізімге енгізілмегенімен келіспейтінін айтқан.

Азамат Серғазиннің айтуынша, прокуратура азаматқа партияның бұл шешімі бойынша сотқа шағымдану құқығын түсіндірген. Өйткені бұл партияның ішкі актілерімен реттеледі.

Видеоның қашан түсірілгені белгілі болды

"Бүгін осы уақытқа дейін (сағат 13.00-ге дейін) прокуратура органдарына қандай да бір арыз-шағым түскен жоқ. Дегенмен жекелеген адамдар әлеуметтік желіде жасанды резонанс тудыру мақсатында бүгін болған деп жалған материалдар таратуда. Біз олардың дұрыстығын тексердік. Олардың қазіргі сайлау науқанына қатысы жоқ. Мысалы, Whatsapp арқылы сайлау учаскелерінің бірінде сайлау комиссиясы мүшелерінен алдын ала қол қойылған бюллетень табылған видео таралған. Бұл бұдан бұрын өткізілген сайлау кезінде Нұр-Сұлтан қаласында сайлау учаскесінде түсірілген ескі жазба екені анықталды", – деді Сарғазин.

Айтуынша, Facebook желісінде Алмас Байқадамов деген қолданушы "Қазақстанда бұрмалау басталды" деген видеомен сайлау комиссиясының мүшесінің жәшікке бюллетень лақтырған видеосын жариялаған.

"Бұл видео Ресей елді мекендерінің бірінің сайлау учаскелерінде түсірілгені анықталды", – деді ол.

Сонымен қатар Қазақстанның бас прокурорының аға көмекшісі көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекс бойынша жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.

Айта кетейік, 10 желтоқсанда Қазақстанда мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Елдің басым бөлігінде сайлау учаскелері сағат 07:00-де ашылды. Дауыс беру кешкі сағат 20:00-де аяқталады.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда сайлау учаскесіндегі бейнебақылау камерасын скотчпен жауып тастаған

Жаңалықтар
0