НҰР-СҰЛТАН, 9 қаңтар – Sputnik. Марқұмның артында үш баласы қалды. Ал оның жұбайы соттың үкімімен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК арнасына сілтеме жасап.
Өткен жылы төтенше жағдай кезінде әскери қызметкер Талғат Нұрғалиев дезинфекциялық шараларға тартылған болатын. Екі көліктің арасында тұрғанда алдындағы көлік артқа қарай жүріп кеткен. Ол қос көліктің арасында қысылып, қаза болды.
Сот көлік жүргізушінің апатқа еш қатысы жоқ деген шешімге келді. Тежегіштегі ақаудың салдарынан көлік өздігінен жүріп кетіп, әскери қызметкерді жаншып тастаған көрінеді.
Алайда марқұмның жұбайы соттың үкімімен де, сараптама қортындысымен де келіспейді. Үш баласымен жесір қалған Назгүл Талжанованың он айдан бері көзі жастан құрғаған емес. Былтыр наурыздың соңғы күнінде жолдасы Талғат Нұрғалиевті таңғы сағат алтыда жұмысына шығарып салған. Ол кезде әскерилердің бәрі жаппай көше дезинфекциялауға жұмылдырылды. Марқұм көлігіндегі химиялық қоспаны құйып тұрғанда алдында тұрған ақтаулық әскери бөлімінің көлігі артқа жүріп кетіп, оны мыжып тастаған. Ақтау мен Ақтөбедегі әскери бөлімдердің төрт көлігі қатар тұрыпты. Қайғылы оқиға Ақтөбедегі қалалық әкімдікке қарсы жолда болды. Ең алдында тұрған "ЗИЛ" машинасы қозғалып кеткенде кабинада ешкім болмаған. Ақтаудан іссапарға келген әскери көлігіне қайта кіріп тоқтатып үлгермеген көрінеді.
Тағы оқыңыз: Атыраудағы әскери бөлімге 10 күн бұрын барған сарбаз көз жұмды
Марқұмды жаншыған көліктің жүргізушісі Армат Қайырсапин Ақтаудағы әскери бөлімнен өз еркімен жұмыстан кеткен. Бірақ қаралы отбасы оны жазаға тартуды талап етіп отыр.
"Жаны жоқ машинаны кінәлі деп тұр. Ол машина өзінен өзі жүрмейді. Оны адам қол тежегішін дұрыс қоймаса, бұл жерде жүргізушінің қатесі. Екіншіден, әскери бөлімнің қателігі – Ақтау әскери бөлімінің. Олар неге дұрыс көлік жібермейді? Жүргізушінің кінәсін тауып, заңмен жазалануы керек", - дейді Назгүл Талжанова.
Ақтөбе гарнизонындағы әскери сот көліктің тежегішінде "ақау болған" деп отыр. Сараптама қортындысы да соны растаған соң, сотталушыны ақтадық деген ақпарат таратты.
"Істегі материалдар мен сарапшылардың қортындысына сәйкес, "ЗИЛ-131" автокөлігінің техникалық ақауы, оның ішінде тежегішінің істен шығуының кесірінен көлік қозғалып кеткен. Кабинада жүргізуші болмаған. Ақауы бар көлікті пайдалануға берген әскери бөлімнің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Сот үкімі күшіне енген жоқ", - делінген ресми ақпаратта.
Назгүл Талжанова соттың үкімімен келіспейтінін мәлімдеді. Ол апелляциялық шағым түсірді. Бірақ оның қай кезде қаралатыны әзірге белгісіз.