НҰР-СҰЛТАН, 9 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева "Штрихи к портрету" фильміне қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Жанұямызбен Елбасымыз туралы "Штрихи к портрету" деректі фильмінің үш сериясын көріп шықтық. Материал үшін фильмді жасаушылар мен ұйымдастырушыларға алғыс айтамын және барлығын, әсіресе, жас ұрпақ өкілдерін, уақыт тауып, фильмді көріп шығуға шақырамын. Әкем туралы болғаннан емес, себебі бұл фильм ұлы адам жайында түсірілген. Барлығымыз саясаткерді басқа қырынан тани аламыз, оның жанын көруге мүмкіндік бар", - деп жазды Назарбаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әлия Назарбаева фильмдегі кадрларды да көрсетті. Онда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кіші қызы және оның балалары туралы баяндайды.
"Әлияның Алдияр дейтін ұлы бар. Мен оны қатты жақсы көремін. Оның тағы бір қарындасы дүниеге келген. Оларға барғанда кішкентай Алдияр мойнымнан құшақтайды да, маған не әкелдің деп тұрып алады. Мен оның шоколадты жақсы көретінін білемін. Кел, мына қалтама қолыңды сал деймін. Осындай сәттерде бәрін ұмытасың", - дейді Назарбаев.
Оны ұстап тұра алмадық – Назарбаев Айсұлтанның тәуелділіктен арыла алмағанына өкінді
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев үлкен қызы Дариғаның балалары туралы айтты.
"Дариғаның қызы – Венера қызды болды. Сонда ол менің ең кішкентай шөберем болады. Қолыма ұстап көргенде салмағы да жоқ сияқты", - дейді Елбасы.
Айта кетейік, өткен жылы 1 желтоқсан – Президент күніне орай республикалық телеарнадан "Штрихи к портрету" деректі фильмінің алғашқы сериясы көрсетілген болатын. Ал кеше, 8 қаңтарда үшінші бөлімі шықты.