АЛМАТЫ, 8 қаңтар — Sputnik. Шанхай ынтымақтастық ұйымынан келген бақылаушылар миссиясы Қазақстанда 10 қаңтарда өтетін парламент мәжілісі сайлауына мониторинг жүргізу жұмыстарын бастады.
Ұйым сайтында хабарланғандай, миссия құрамына 15 бақылаушы аккредитациядан өтті. Олар – заңнамалық, сайлау органдарының өкілдері, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің дипломаттары, сондай-ақ, ШЫҰ хатшылығының қызметтік тұлғалары. ШЫҰ бас хатшысының орынбасары Чжан Хайчжоу миссияға жетекшілік етеді.
ШЫҰ сайлауға қалай бақылау жасайды
Қазақстандағы сайлау процесінің барысы туралы толық ақпарат алу үшін ШЫҰ миссиясының өкілдері Нұр-Сұлтан мен басқа елді мекендердегі сайлау процестерін қадағалай бастады.
Сайлау күні бақылаушылар Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде болып, онда шетелдегі қазақстандықтардың дауыс беруі барысына бақылау жұмыстарын жүргізеді.
Оқи отырыңыз: ОСК кейбір белсенділердің әрекетін "саяси троллинг" деп атады
Жалпы алғанда, ШЫҰ миссиясының жұмысы сайлау учаскелерінің дайындығын тексеруге, дауыс беру, сайлау учаскелеріндегі процесті ұйымдастыру, дауыстарды санау барысын бақылауға, сондай-ақ, дауыс берушілер, кандидаттардың өкілдері мен басқа бақылаушылардың сауалнамаларына бағытталады.
Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. 4 қаңтардағы мәлімет бойынша, парламент сайлауына 10 халықаралық ұйым және 30 елден барлығы 398 бақылаушы тіркелген.