АЛМАТЫ, 8 қаңтар – Sputnik. Павлодар тұрғыны жарылған ыстық су құбырын жөндеу жұмыстары кезінде жылу жолының шұңқырына құлап кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Павлодар облысы полициясының хабарлауынша, оқиға 7 қаңтар таңғы сағат 08.50-де Чокин көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысында болды. Павлодардың 63 жастағы тұрғыны абайсызда жылу жолының шұңқырына құлап кетті. Ол жерде ыстық су жолы жарылып, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан.
Салдарынан күйік шалған қала тұрғыны ауруханаға жеткізілді.
Павлодарда КамАЗ карьерге түсіп кетті: екі адам көз жұмды
Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева Sputnik Қазақстан тілшісіне жедел жәрдемнің сағат 08:54-те шақырылғанын хабарлады.
1957 жылы туған әйелдің аяқ-қолының 45%-і күйіп қалған. Ол Павлодар №1 қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі жағдайы ауыр.
Айта кетейік, 7 қаңтарда Павлодардың екі ауданында жылу жолының жарылуына байланысты жөндеу жұмыстары жүргізілді.