Нұр-Сұлтан, 8 қаңтар – Sputnik. Ақмола облысындағы Шортанды ауданының Бозайғыр аулында тұратын Самат Жүнісов сіріңке талынан көздің жауын алар мешіттер құрастыруда. Бүгінде оның коллекциясында ЕХРО-2017 ғимараты мен Эйфель мұнарасы да бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Самат сіріңке шедеврлерін вахталық жұмыстан тыс уақытта жасайды. Себебі, ол "Қазақалтын" тау-кен металлургия комбинатының Жолымбает кенішінде шахтер болып жұмыс істейді.
Бүгінде Самат Жүнісов оннан астам сіріңке шедеврлерін әзірлеген. Бастапқыда кезде ол конструкциясы күрделі емес үйлерді құрастырған. Келе-келе жас жігіттің жұмысының ауқымы да өзгерген. 2015 жылы ол мешіт макетіне кіріскен.
"Мешіт десе көңілім ерекше алабұртады. Олардың әсемдігі мен көркемдігі қатты ұнайды. Бір жолы нық бекіндім. Ең алдымен Нұр-Астана мешітіне кірістім. Оның макетін әзірлеуге бірнеше ай жұмсадым. Бірақ жұмысымды аяқтаған кезде ерекше бақытты болдым", – деп еске алады Самат.
Одан кейін Степногорск қаласына жақын орналасқан Кварцитный аулындағы мешіттің миниатюрасын әзірлеген. Мұны орындауға ағасы өтініш білдіріпті.
Алайда Жүнісов Қазақстанның бас қаласында орналасқан "Әзірет Сұлтан" мешітін мақтаныш көреді.
"Мен үшін оның орны бөлек, – дейді шебер. – Бұл мешітті құрастыру үшін бір жылдан астам уақытымды жұмсадым. Құрылысына он мыңнан астам шырпы кетті. "Әзірет Сұлтан" конструкциясы өте күрделі мешіт. Бірақ мен оның ешбір ғимаратын қалт жібермедім", - дейді ол.
Қолөнер шебері дәл осы жұмысы үшін Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнер шеберлері қатысқан "Астананың 20 қыры" байқауында жеңімпаз атанды.
Қазір Самат Стамбұлда орналасқан Көгілдір мешіт макетін құрастырып жатыр. Жұмысы аяқталуға жақын.
"Мұнараларын түзету керек, әлі бекітілген жоқ. Көгілдір мешіттен кейін Дубайдағы Зайд шейхтің мешітіне кірісемін. Ол әлемдегі ең үлкен әрі әсем мешіттердің бірі. Сондай-ақ Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығы құрметіне бір сыйлық жасағым келеді. Әзірше, не дайындайтынымды білмеймін. Мүмкін, Ақорда макеті болар", – деп бөлісті Самат.
Ақмолалық шебер бұл іске әуестенуіне әжесі Айшаның да ықпалы болғанын айтты. 25 жыл бойы немересінің жанында болған кейуана екі жыл бұрын бақиға аттаныпты.
Жүнісовтер әулетінде суретшілер болған екен. Сондай-ақ, Саматтың ағасы архитектурамен айналысады.
Сіріңкеге әуесқойлығын Жүнісов ақшаға айналдыруға асықпайды. Макеті болса да, мешіттерді сату адамдыққа жат деп санайды. Сондықтан, Самат өз қолынан шыққан дүниелерді сыйға береді.
"Өнер адамға қуаныш сыйлағаны дұрыс деп ойлаймын", – деп сенім білдірді шебер.