НҰР-СҰЛТАН, 7 қаңтар – Sputnik. Кезінде Өскемен және Семей қалаларын басқарған Амангелді Қажыбаев 78 жасқа қараған шағында өмірден озды. Бұл туралы Өскемен әкімі Жақсылық Омар хабарлады.
"Өскемен қаласының құрметті азаматы Қажыбаев Амангелді Қажыбайұлының өмірден озуына байланысты отбасына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Амангелді Қажыбаев – Тарбағатай ауданының тумасы, Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері. Кезінде Өскемен және Семей қалаларын басқарған, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды", - деп жазды Омар әлеуметтік желідегі парақшасында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Амангелді Қажыбаев туралы не білеміз?
Амангелді Қажыбаев 1943 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында дүниеге келген. 1967 жылы Қазақ политехникалық институтын "инженер-электрик" мамандығы бойынша бітіреді.
Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында еңбек еткен. ҚР өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары, қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарды.
2001 жылдың ақпанында ШҚО әкімінің орынбасары, 2002 жылдың қарашасында Семей қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. 2004 жылы Өскемен әкімі болды, бұл қызметті бір жыл атқарды.
"Алтын барыс" төсбелгісімен марапатталған.