АЛМАТЫ, 7 қаңтар – Sputnik. Алматыда 2020 жылдың қарашасынан бері сегіз медицина қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырды. Бұл туралы брифинг барысында Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Алматының бас дәрігері еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен қарашадан бастап инфекция жұқтырған медицина қызметкерлеріне әлеуметтік төлем беру тоқтатылғанын айтып өтті.
"Қарашадан бері сегіз медицина қызметкерінің ауырғаны белгілі болды. Сегізі де қазір тексеріліп жатыр. Кейінгі екі жағдай кардиология орталығынан анықталды. Бұйрық шыққанына қарамастан, инфекция жұқтырғандар есепке алынып, жеке-жеке талқыланып жатыр. Егер олардың жұмыста жұқтырғаны дәлелденсе, бұл сұрақты сол мекеме немесе жергілікті әкімдік күшімен шешеміз деп отырмыз", - деді Табынбаев.
Айтуынша, сегіз медицина қызметкерінің бәрі коронавирус инфекциясын жұқтырды, арасында пневмонияға шалдыққандар жоқ.