НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар — Sputnik. Қазақстанда 2020 жылы құс тұмауы салдарынан 1,9 миллион құс өлген. Бұл туралы республиканың ауыл шаруашылығы министрлігі Sputnik Қазақстан агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Министрліктің мәліметі бойынша, 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап қараша айына дейін жеке аулаларда және құс фабрикаларында құс тұмауының таралуы Қазақстанда жұмыртқа өндірісінің төмендеуіне негізгі фактор болды.
"Барлығы 1,9 миллион бас құс арам өлген. Бұл Қазақстандағы құстың жалпы санының 4,2%-ін құрайды (45 миллион бас құс). Жұмыртқа өндіретін 35 кәсіпорынның бесеуінде қазір жұмыртқа өндірісі толық тоқтатылған", - деді ауыл шаруашылығы министрлігі.
Жұмыртқа өндірісімен айналысатын фабрикалардың барлығы құсты вакциналады. Қазіргі уақытта зардап шеккен фабрикалар Ресей Федерациясының балапан жеткізумен айналысатын кәсіпкерлермен келісімшарт жасады. Өндірістік кезеңге сәйкес, 120 күннен кейін өндіріс қалпына келіп, жұмыртқа өндіру қайта басталады.
Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығы министрлігі өлген құстарға өтемақы төлеу тәртібін түсіндірді
Осылайша, құс тұмауынан зардап шеккен құс фабрикалары осы жылдың наурыз-сәуір айларында жұмысын қайта қалыпқа келтіреді деп болжануда.
Қалыптасқан жағдайға қарамастан, бірқатар құс фабрикасы өндіріс көлемін сақтап қана қоймай, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткішті арттырған.
Батыс Қазақстан облысында өндіріс көлемі 3,4%, Жамбыл облысында 2,5%, Павлодар облысында 2,2%, Түркістан облысында 15,6%, Шығыс Қазақстан облысында 1,6%-ке өскен.
"Жоғары патогенді құс тұмауының өршуі республиканың сегіз облысында тіркеліп, 1,9 миллионға жуық құстың көзі жойылды. 2020 жылдың желтоқсанында құс тұмауынан құстардың жаппай қырылуы тіркелген жоқ", - деп хабарлады министрлікте.
2020 жылдың қаңтар-қарашасында тауық жұмыртқасының өндірісі 3,5 миллиард дананы құрады. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 390,3 мың данаға немесе 10%-ке төмен.
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы министрлігі елдің ішкі нарығында тауық жұмыртқасы тапшылығы бар деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.