НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. 700-ден астам адам Теңіздегі инфекциялық стационарда коронавирустан емделіп жатыр. Бұл жөнінде Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
4 қаңтардағы мәлімет бойынша, Атырау облысында 51 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған (32 науқас Теңіз кен орнында).
Келесі тәулікте, 5 қаңтарда тағы 149 адамнан коронавирус анықталғаны туралы хабарланды. Оның ішінде 144 адам Теңіз кен орнындағы жұмысшылар, деп хабарлады "Ақ Жайық" өңірлік басылымы Аырау облысының санитарлық-эпиедмиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасай отырып.
Сондай-ақ, инфекция жұқтырғандар арасында Атырау қаласынан келген төрт емделуші де бар. Жылыой ауданынан – 1. Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда барлығы 778 адам ем қабылдап жатыр.
Өткен тәулікте облыста 43 адам коронавирустан жазылып шыққан. Қазіргі уақытта 290 атыраулық үй жағдайында ем алып жатса, облыстық инфекциялық стационарда 91 адам, аудандық инфекциялық стационарда 38 адам жатыр. Қалғаны Теңіздегі инфекциялық стационарда дәрігерлердің бақылауында емделуде.
Еске сала кетсек, коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында Теңіз кен орнында жедел штаб құрылып, карантин шаралары күшейтілді. Теңіз кен орнына кіретін және одан шығатын орындарға бекеттер қойылды.
Вахтаға келген жұмысшылар бір аптаға карантиндік стационарларға жатқызылып, олардан COVID-19-ға ПТР-тест алынады. Сонымен қатар, жұмысшылар вахтадан кетерден бес күн бұрын да ПТР-тес тапсырады.